Жангелдин ауылында тұтас бір отбасының із-түзсіз жоғалуы бүкіл елді елең еткізді. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, отбасы мүшелері жаз айларынан бастап қараша айына дейін әр кезеңде жоғалған болуы мүмкін. Алайда, бұл жағдайға қатысты дабыл тек желтоқсан айының соңында ғана қағылған. Қазір түрлі болжам айтылып, облыстық Полиция департаменті қылмыстық істі «адам өлтіру» бабы бойынша қайта саралап, жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Әлеуметтік желіде тараған туыстарының сұхбаттары мен мәліметтерді саралай отырып, бір ғана қылмыстық оқиғадан бөлек, қоғамның жанға бататын үлкен дерті анық байқалады. Ол – ауылдағы ағайындық һәм көршілік қарым-қатынастың әлсіреуі. Бұрын ауылды қазақтың соңғы қорғаны, бір-біріне сүйеу болатын ортасы деп білетінбіз. Бала күнімізде үлкендер қаланы сипаттағанда: «Тас үйлерде тұратындар бір-бірінің халін сұрамайды, көршісіне ит-мысығына қарағандай да мейірім көрсетпейді» дейтін. Сол жат мінез бүгінде ауылға да жеткендей. Қазір себепсіз көршіге кірмейміз, шақырмаса ағайынға бармаймыз, хал сұрау да сирек. «Сен тимесең, мен тиме» деген салқын сана қалыптасты. Жангелдинд ауылында жоғалған отбасының жағдайы – соның айқын дәлелі. Бір шаңырақтың нақты қай күні, қандай көлікпен кеткенін ешкім білмейді. Үйінің есігі бір айдан астам уақыт жабық тұрған. Алайда, бұл жайт көршілердің ешқайсысын алаңдатпаған. Тіпті, қой кезегін біреу бағып жүрген. Бірақ кім бақты, неге бақты – ол жағы да жұмбақ. Бір ауылда тұрып, екі ай бойы бір отбасының қайда кеткенін сұрамау, іздемеу – бұл енді немқұрайлылық емес, қатігездікке жақын жағдай. Туыстарының айтуынша, тек малдары WhatsApp арқылы сатыла бастағанда ғана күдік оянып, іздеу жұмыстары қолға алынған. Мал бар болғандығына шүкір. Ал егер мал болмағанда, бұл отбасы әлі де назарсыз қалар ма еді? Адамнан малды қадірлі еткен заманға жеттік пе? «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көрші артық» деуші едік. Ал бүгін сол көршінің үйі екі ай қаңырап тұрса да, ешкімнің жүрегі селт етпегені қандай қасірет?! Бұрын көршіден нан, тұз, шай сұрап баратын өзімсіну, бір жағдай бола қалса өре түрегеліп жететін қазақы мінез қайда қалды? Нәтижесінде, іргеміздегі бір отбасының ұшты-күйлі жоғалғанын екі айдан кейін ғана біліп отырмыз. Бұл – тек бір отбасының трагедиясы емес, бұл – самарқау сана мен салғырт қоғамның айнасы. Ойланайықшы, ағайын! "Көршің аш отырса, баймын деме" дейтін қағиданы жадына жаттай ұстайтын халқымыз қайда, қазір?
Айгүл ТӨРЕШҚЫЗЫ,
Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінің мұғалімі



