Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

«Келешек мектептері» инклюзивті білім беруге тың серпін бермек

Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамытудың жаңа кезеңі, әсіресе, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында нақты мазмұнмен толықтырылып отыр.

 Бұл жоба тек жаңа ғимараттар салумен шектелмей, білім беру кеңістігін барша балаға, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға толық қолжетімді етуге бағытталған.

Педагог-ассистент пен жеке көмекші штаттарының енгізілуі «Келешек мектептері» моделінің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Себебі бұл мектептерде инклюзивті орта, әмбебап дизайн, арнайы кабинеттер мен бейімделген оқу бағдарламалары қатар қарастырылған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облысында да инклюзивті білім беруді дамыту «Келешек мектептері» жобасымен тығыз байланыста жүзеге асуда. Өңірде салынған және пайдалануға беріліп жатқан жаңа форматтағы мектептерде пандустар, лифтілер, тактильді жолақтар, арнайы санитарлық тораптар, ресурс бөлмелері мен психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеттері қарастырылған. Бұл инфрақұрылым ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жалпы білім беру ортасына еркін бейімделуіне мүмкіндік береді. Атырау облысындағы білім беру ұйымдарында педагог-ассистенттер мен арнайы педагогтердің саны жыл сайын артып келеді.

Бұл мамандардың жұмысы бұрын үйде оқыған балаларды мектеп ортасына енгізуге нақты жағдай жасап отыр. Нәтижесінде өңірде ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуметтену деңгейі артып, олардың қатарластарымен бірге білім алу мүмкіндігі кеңейе түсті.

Бұл — инклюзияның басты мақсаты. Сонымен қатар, облыста аутизм спектріндегі балаларға арналған қолдау орталықтарының желісін кеңейту, ерте диагностикалау мен кешенді сүйемелдеу тетіктерін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына сай бекітілген «ерте жастан мамандыққа дейін» қағидатына толық сәйкес келеді. «Келешек мектептері» жобасы осы тізбектің негізгі буынына айналып, баланың әлеуетін ерте анықтап, оны дамытуға бағытталған жүйелі жұмысты қамтамасыз етеді.

Жалпы алғанда, инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған білім беру ұйымдарының 93,3%-ға жетуі және арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалар санының 87%-ды құрауы — жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін көрсетеді.

Атырау облысындағы «Келешек мектептері» осы көрсеткіштерді одан әрі арттырып, тең қолжетімді, сапалы және әділетті білім беру моделін қалыптастыруға нақты үлес қосып отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT