Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жұмысшы мамандар жұмысқа орналасып жатыр ма?

ПРЕЗИДЕНТІМІЗ БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫ «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАП ОТЫР. БҰЛ БАҒЫТТА ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛЫП ЖАТЫР?

Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің директоры Болатбек Өтегенов:

– Мамандар даярлау сапасын көтеру мақсатында студенттердің өндіріспен байланыста болуы үшін 39 кәсіпорынмен, оның ішінде дуалды оқу бойынша 27 кәсіпорынмен келісімшарттар жасалды. Дуалды оқыту 2016 жылдан бастап енгізіліп, биылғы оқу жылында 4 мамандық бойынша барлығы 77 студент қамтылып, 37,9%-ды құрап отыр. Жыл сайын дуалды оқумен қамтылған студенттер саны артып келеді. 2023-2024 жылдары бітіруші 116 түлектің жұмысқа орналасуы 76% болса, оның ішінде дуалды оқыту бойынша 77%. Нақтылап айтсақ, дуалды оқытуда студент 60%-ын өндірістік тәжірибеде өткізіп, 40% теориялық білім алады.

– «Жұмысшы мамандықтары  жылына» орай қандай іс-шаралар жоспарлап отырсыздар?

– 2025 жылға арналған атқарылатын іс-шаралардың жоспары жасақталды. Бізге «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жұмысшы мамандығы бойынша шағын кәсіпорын ашу жүктеліп отыр. Атырау облысындағы колледждерден тек бізде ғана ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша оқитын студенттерге өндірістік тәжірибе базасы болып табылатын оқу шаруашылығымыз бар. Онда қой-ешкі, ірі-қара малдары бағылады, қора жайлары, малшыға арналған үй жаңадан салынды, күн энергиясымен жарық көздері тартылған, спутниктік интернет қосылған, мал жайылымы және шабындыққа арналған жер бөлінген. «Жас маман» жобасы аясында ауыл шаруашылығын механикаландыру және сервистік қызмет көрсету бойынша «Механизатор» құзіреттілік орталығы ашылды. Шағын кәсіпорындар ашу бойынша оқу шаруашылығында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді және «Механизатор» құзіреттілік орталығында дәнекерлеу, жөндеу, сервистік қызметтер ұйымдастыратын боламыз. Сонымен қатар, 2025 жылдың наурыз-сәуір айларында колледж базасында ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша облыстық AGROSkills чемпионатын өткізу жоспарланды. Мақсаты – ауыл шаруашылығы мамандығының мәртебесін арттыру, жастарды оған тарту. Чемпионатқа Ресейдің оқу орындарымен жасалған ынтымақтастық меморандумына орай Астрахань және Красный Яр аграрлы-техникалық техникумынан студенттер қатысады. Қазан айында «Ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдаланып, таза өнімге қол жеткізу – бүгінгі күннің талабы» тақырыбында халықаралық семинар-практикум өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Жұмысшы мамандықтары мәртебесін арттыру, кәсіптік- техникалық білім беру саласына ерекше көңіл бөлу, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау басты мақсатымыз болып қала береді.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT