Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Авиацияны дамыту: Қазақстанда жаңа әуежайлар салынып, әуе қатынасы кеңейтілуде

сурет ғаламтордан алынды
сурет ғаламтордан алынды

 Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында шағын өңірлік авиацияның жаңа әуежайларын салу жобалары іске асырылуда. Құрылыс маусымының ашылуына барлық қажетті дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әуежайлар ұзындығы 2 мың метрден асатын ұшу-қону жолақтарымен жабдықталатын болады.

 Үкімет отырысында көлік вице-министрі Талғат Ластаев хабарлағандай, жаңа бағыттарға қызмет көрсету үшін сыйымдылығы 74 жолаушыға дейін ATR-72 және Q-400 Bombardier өңірлік ұшақтары пайдаланылатын болады. Олар Өнеркәсіпті дамыту қорының тетіктері арқылы сатып алынады. Басты міндет – Алматы, Астана және басқа да ірі қалалардан осы әуежайларға тікелей, халыққа қолжетімді әуе қатынасын ұйымдастыру.

Сонымен қатар мемлекет жыл сайын 26 әлеуметтік маңызы бар әуе бағытын субсидиялайды. Олардың ішінде Үшарал, Үржар, Түркістан, Ақтау және басқа да танымал туристік қалаларға бағыттар бар. Өткен жылы Үшарал, Үржар және Балқаш қалаларындағы шағын авиация терминалдары мен әуеайлақтарын жөндеу жұмыстары аяқталды.

 Жерүсті инфрақұрылымын жақсарту үшін 2024 жылы 10 әуежайда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді, 350 млрд теңге жеке инвестиция есебінен Алматы, Шымкент және Қызылордадағы жолаушылар терминалдары жаңғыртылды, бұл олардың өткізу мүмкіндігін 6,5 есеге арттырды. Ақтау және Павлодар әуежайларында ұшу-қону жолақтарын күрделі жөндеу биыл аяқталады.

Авиахабтарды дамыту және жүк ағынын арттыру үшін 6 негізгі әуежай анықталды. Оларды жаңғырту аясында $2,1 млрд жеке инвестиция тарту жоспарлануда.

Сонымен қатар тасымалдауды тұрақтандыру үшін авиаотынның жеткілікті қорын қамтамасыз ету маңызды. Авиаотын құнын төмендету, өндірісті ұлғайту және жеткізілімдегі делдалдарды жою үшін БҚДА және Энергетика министрлігімен жұмыс жүргізілуде.

 2025 жылы 16 жаңа халықаралық бағыт жоспарланған. Азаматтық авиация академиясы жыл соңына дейін қазақстандық ұшқыштар мен инженерлерді даярлау үшін Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің сертификатын алуды жоспарлап отыр. Жыл сайын салаға 500-600 жаңа маман қажет, қазір Қазақстанның азаматтық авиациясында 23 мың адам жұмыс істейді.
📱 @KZgovernment

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT