Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТЕАТРДЫҢ ТАРЛАНЫ ТӨЛЕГЕН

Өткен аптаның сенбісі күні аудандық музейде Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген әртіс, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Төлеген Қуанышевқа арналған «Қасиетті топырақтан қанаттанған ұл» атты көрменің ашылу салтанаты болып өтті.

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев, әріптес інісі, белгілі актер Сәбит Қожабеков, ауданның Құрметті азаматы, ақын Қалидолла Ізекен, әртістің жары Хадиша Қуанышева және туған-туыстары, өнердегі әріптестері, құрдастары мен сыйлас аға-інілері қатысты.

Шарада алдымен сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев:

– Қазақ театры мен кино әлемінде өшпес із қалдырып, өнердің биік шыңына шыға білген бірден-бір тұлға, ол – жерлесіміз Төлеген Қуанышев. Кинода да, театрда да аты алтын әріппен жазылатын жерлесімізбен біз мақтанамыз. Көзі тірісінде талай мықтылардың рөлін сомдап, тарихи тұлғаларды танытқанын барша ел біледі. Одан бөлек, артынан ерген жас әртістерге ұстаздық етіп, талай таланттың бағын ашты. Ерен еңбегінің арқасында марапаттарға да ие болды. Алайда, алмас қылыштай жарқылдап жүріп, өмірден өтті. Тірі болса әлі талай рөлді сомдап, көрермен жүрегінен орын алар ма еді?! Міне, бүгін Төлеген ағамыз ортамызға қайта оралды. Бұл көрмеде ағамыздың барлық тұтынған бұйымдары, марапаттары, өнер жолынан сыр шертетін жәдігерлері қойылған, – деді.

Содан кейін Төлеген Қуанышевтің шәкірті Сәбит Қожабеков сөз алып, әртістің кезінде сомдаған «Жаралы жолбарыс» қойылымындағы Баймағамбет рөлінен үзінді оқып берді. Артынша жары Хадиша Қуанышева көрнекі көрме үшін алғысын айтып, Төлегеннің «Степной экспресс» фильмінде ойнағаны үшін алған «Үздік ер адам рөлі» номинациясын музейге табыс етті. Сонымен қатар, шара барысында ақын Қалидолла Ізекен өзінің жүрекжарды жырын оқыса, «Арман» мәдениет үйінің режиссері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Сағидолла Яқып:

– Жалпы өнер саласындағы ең жаман нәрсенің бірі – қызғаныш. Біреу бір атақ алса, фестивальдан орын алса оны көре алмай ауырып қалатын әртістер көп. Ал, Төлеген ағамыздың бір қасиеті қызғаныш атаулыдан аулақ. Бойын таза ұстайтын адам. Кім қандай атақ алса да өзі алғандай мәз болып, құттықтап жатады. Одан бөлек, ол кісі жай ғана әртіс емес өте талантты болды. Ол туралы Тұңғышбай Жаманқұловтың өзі «Біз Төлегеннің қасында әртіс емеспіз ғой» деп айтқаны бар. Осы сөздің өзінен-ақ, ағамыздың қандай мықты болғанын білуге болады. Тағы бір қасиеті – өте бауырмал. Біз ауданнан Атырауға фестивальдарға барғанда құрақ ұшып қарсы алып, бетімізден сүйіп жатады. Өзі Шеркеш руының жиені. Мені көрсе «Әулие келе жатыр» деп, нағашысын ерекше құрметтейтін. Сонымен қатар, біз ол кісіні тек жерлесіміз деп мақтанбауымыз керек. Төлеген ағамыз осы ауданда да бір-екі жылдай қызмет етіп, талайдың таңдайын қақтырған қойылымдар қойған. Менің өнердегі ағам ғана емес ұстазым болды. Әрине, әлі де болса еліне берері мол еді... Өкінішті, ортамыздан ерте кетті – деп, өз естеліктерімен бөлісті.

Шараның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін қонақтар көрмемен танысты. Аталмыш көрмеде әртістің тұтынған бұйымдары, киген киімдері, алған марапаттары және басқа да құнды заттар қойылыпты. Аудандық музейдің қызметкері Нұржамал Рахмет әр бұйым мен жәдігерлерді жеке-жеке таныстырып, қысқаша тарихына тоқталды.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT