Сәрсенбі күні аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев аудандағы кәсіпкер және шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесті.
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ұйымдастырылған кездесуге бизнес өкілдерінен басқа аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, аудан әкімінің орынбасарлары, округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары қатысты. Алдымен сөз алған аудан басшысы:
– Аудан әкімі лауазымына тағайындалғаныма бір айға жуық уақыт өткенімен, жұмыс кестесіне сай сіздермен жүздесу бүгінгі күнге белгіленіп отыр. Өздеріңіз білетіндей мемлекет тарапынан қолға алынған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Яғни, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жыл сайын гранттар бөлініп, төмен пайызбен несиелер, субсидиялар берілуде. Бұл орайда, бір ескеретін жай алдағы уақытта субсидия тек өнім өңдеу бағытына берілетін болады. Сондай-ақ, қазір жеміс ағашына да субсидия бөлу мәселесі қарастырылды. Бірақ бұл бағытта бізде ешқандай жобалар жоқ. Сонымен қатар, ауданда мал саны өсіп жатқанымен егін саласының дамуы өте төмен деңгейде. Сондықтан, осы бағытта сіздерден жақсы жобалар, нақты ұсыныстар күтеміз. Бүгінгі басқосудың мақсаты – сіздердің қатысуларыңызбен аудандағы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласындағы шешімі табылмай отырған өзекті де күрделі мәселелерді білу. Сіздер тек мәселені айтып қана қоймай, оны шешу жолдарын да ұсынып отырсаңыздар деген тілегім бар, - деді.
Бұдан кейін жиынға қатысушылар биылғы жылы аудан бойынша шағын және орта бизнесті дамытуда атқарылған жұмыстар туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфееваның баяндамасын тыңдады. Оның айтуынша, биылғы жылдың 10 айында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің саны 1594-ті құрап, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда (өткен жылы – 1535) 3,8 пайызға өсіп отыр. Ауданда ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында ұлттық қордан, түрлі қаржы институттарынан қомақты қаражаттар бөлінуде. Бөлінген қаржыларға жыл басынан бері мал тұқымын асылдандырумен айналысып отырған 30 шаруа қожалығы 46 бас бұқа, 250 бас сиыр, 92 бас қошқар, 154 бас жылқы сатып алды. Ал, биылғы жылы 114 кәсіпкерлік жоба 842,8 миллион теңгеге қолдау тапса, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқыған 250 адамның 44-і несие қаражатын алып, 11-і грантқа ие болды. Сондай-ақ, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша курстан өткен 86 адамның 40-ы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 6 жоба, «Zhas Project» жобасы бойынша 46 жоба қайтарымсыз грантты иеленіп,нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 71 жоба қаржыландырылды.
– Шаруа қожылықтары мен шаруашылықтарға сатып алынған асыл тұқымды малдарды сатып алғаны және селекциялық жұмыстар жүргізгені үшін 54,1 миллион теңге, инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу мақсатында 34,8 миллион теңге субсидия төленді. Алайда, жаңадан құрылған коперативтерді қаржыландырып келген «Береке» бағдарламасы, субсидия төлейтін «Ынтымақ» бағдарламасы өткен жылдан бастап тоқтап қалып, қазіргі таңда осының айналасында шешімін таппай отырған үлкен мәселелеріміз бар. Ол мәселелер аудан әкімдігі тарапынан көтеріліп, жоғары жаққа қойылып келе жатқанымен әлі нақты шешімі табыла қойған жоқ, - дейді аталмыш бөлім басшысы Зинеш Сарбуфеева.
Баяндамадан соң кәсіпкерлер шешімін таппай жүрген мәселелерді қозғап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, сауалдарын қойды.