Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Tazalyq: АМӨЗ-де механикалық тазарту қондырғыларын жаңғырту жалғасуда

Атырау МӨЗ-де Tazalyq жобасы аясында жабық типтегі ағынды суларды механикалық әдіспен тазартатын қондырғыларды жаңғыртудың II кезеңі жалғасуда.

Еске сала кетейік, 2019 жылдан бері АМӨЗ-де тазарту қондырғыларының тиімділігін арттыруға және қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған Tazalyq жобасы жүзеге асырылуда.

Жоба аясында механикалық тазарту қондырғыларын жаңғырту, нормативтік-тазартылған сарқынды су каналын реконструкциялау және булану алаңдарының бір бөлігін рекультивациялау жұмыстары қарастырылған.

Жаңғырту нәтижесінде тазарту қондырғыларының өнімділігі 2 есе артып, ары қарай биологиялық тазарту қондырғысына жіберілетін сарқынды сулардың құрамындағы мұнай өнімдерінің мөлшері шекті рұқсат етілген төгінділер (ШРТ) нормативіне сәйкестендіріледі деп күтілуде.

Механикалық тазарту қондырғыларында жүріп жатқан жұмыстардың I кезеңі аясында механикалық сусыздандыру ғимараты, мұнай шламдарына арналған резервуарлар, екі сорғы станциясы, құм ұстағышы бар тұндырғыш, трансформаторлық қосалқы станция және көбікпен сөндіру блогы секілді нысандар салынып, қайта жаңғыртылды.

Атмосфералық ауаға кері әсерін тигізбеу үшін екі тұнба тоғаны мен құмұстағыш демонтаждалды.

Екінші кезең барысында ағынды суларды орташалау резервуарлары, насостық станция ғимараты, өзін-өзі шайғыш сүзгілер мен флотация блоктарын салу жұмыстары жалғасуда. Үшінші тұнба тоғаны мен мұнайбөлгішті демонтаждау жұмыстары аяқталды.

Механикалық тазарту қондырғыларын жаңғырту жобасы 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Зауыт нормативтік-тазартылған сарқынды су каналын реконструкциялауға бағытталған жұмыстарын аяқтады.

Қоршаған ортаны қорғау мақсатында ашық каналдың орнына құбырлар тартылды. Қазіргі уақытта каналды қалалық бас кәріздік насостық станцияға қосу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Булану алаңдарының 1-2 секторын рекультивациялау бойынша жұмыстар аяқталуға жақын қалды. АМӨЗ-дің құбырын қалалық тазарту қондырғыларына қосу жобасына түзету енгізілуіне байланысты 3-4 секторды құрғату және рекультивациялау жұмыстары кейінге қалдырылады.

Еске сала кетейік, Tazalyq экологиялық жобасы Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT