Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Таза Қазақстан: Тазалық отандастарымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы тиіс

Жыл сайын қыркүйектің үшінші жұмасында Дүниежүзілік тазалық күні аталып өтіп, әлемнің 130-дан астам елінде қоқыс жинау шаралары ұйымдастырылады. Миллиондаған адам қалалар мен ормандардағы қоқыстарды тазалау үшін жиналады.

Осы орайда айта кетсек, көктем басталғаннан бері еліміздің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға бағытталған жалпыұлттық экологиялық бастама – «Таза Қазақстан» акциясы өткізіліп келеді. Қазақстан халқын туған табиғатқа қамқорлық жасау идеясының төңірегінде біріктіретін бұл акцияға осы уақытқа дейін үш миллионға жуық адам қатысып, миллион тоннадан астам қоқыс жиналды, 100 мың түп ағаш егілді. Табиғатқа қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыру және елдегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында осы жылдың сәуір айының басында қолға алынған акция алғашында мынадай 5 апталыққа жоспарланған еді:

13 сәуірге дейін - «Таза өлке» апталығы. Апталық барысында елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартты.

20 сәуірге дейін - «Киелі мекен» апталығы. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналды.

27 сәуірге дейін - «Жасыл аймақ» апталығы. Оның барысында ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеу қолға алынды.

4 мамырға дейін - «Өнегелі ұрпақ». Ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналды.

Соңғы апталық - «Мөлдір бұлақ». Бесінші аптада су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылады. Осы жылдың сәуірінде Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл акцияға ерекше назар аударды.

Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы

«Су тасқынына ұшырамаған өңірлерде менің тапсырмаммен «Таза Қазақстан» науқаны басталды. Мен әкімдердің бәріне бұл бір реттік науқан емес екенін ескерттім. Басқаша айтқанда, сенбілікке шығып, жұмыс істеген сыңай танытып, көзбояушылық жасауға болмайды. Көршілес елдердегі секілді бізге де Қазақстанды көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізу керек», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент сенбілікке шықты

Президент тек айтып қана қойған жоқ. Ел тұрғындарына үлгі-өнеге көрсетіп, сенбілікке өзі де шықты. Атап айтқанда, елордадағы «Ұлытау» аллеясында ағаш отырғызды. Сондай-ақ іс-шара аясында Мемлекет басшысы жастармен әңгімелесіп, қоғамда экология мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялау маңызды екенін атап өтті. «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл - бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын», – деді Президент. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен кезде де дәл осы акцияға айрықша мән берді. «Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама.

«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Мемлекет басшысы халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп екендігіне тоқталды.

«Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек. «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті. Аймақ басшысы тек шаруашылықпен ғана айналыспайды. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс. Әрбір басшы елмен етене жұмыс істеуі керек, тұрғындармен сенімді байланыс орнатуы қажет. Сонда жұрт та оның бастамаларын қолдайды, ел үшін пайдалы іске жұмыла кіріседі. Әкімнің абырой-беделі дегеніміз де – осы», - деген еді Президент. «Таза Қазақстан» акциясына қолдау білдірген қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Асылы Осман мұндай бастамалар өмірдің барлық саласында экологиялық мінез-құлықтың жаңа үлгісін дамытатындығын айтады. «Таза Қазақстан» акциясы азаматтардың экологиялық мәдениетін дамытады – Асылы Осман

«Біздің қала гүлденіп, өзгере берсін, бәріміз оны қорғауымыз керек. Жасыма қарамастан, бүгін осы акцияға қатысамын. Өйткені Алматы біреу, әркім өз үйіне қамқорлық жасауы керек», - деді профессор.

Белгілі стендап-әзілкеш Евгений Чебатковтың да елорда тұрғындары мен қонақтарын «Таза Қазақстан» экоакциясын қолдауға шақырғаны есте.

«Мен Астанаға келген кезде «Таза Қазақстан» акциясы туралы естідім. Маған акцияның мән-жайы туралы түсіндіргенде оны жақсы мағынасында айтқанда бірден жұқтырып алдым. Мен өзім Шығыс Қазақстанның тумасы болғандықтан, табиғатымыздың біздің қорғауымызға қаншалықты мұқтаж екенін жақсы білемін», - деді Евгений Чебатков.

Кейбір өңірлер мен нақты қалалардың акция аясында қол жеткізген нәтижесі: Алматы қаласында 250 шаршы шақырым өзендер мен су қоймаларының жағалауы, саябақтар, скверлер мен тау бөктерлері де ретке келтіріледі. Апаттық жағдайдағы ағаштардың бұтақтарын санитарлық мақсатта кесу мен кесіп алып тастау жұмыстары жалғасады. Өскемен қаласында барлығы 100-ден астам эко-шара өткізілді. 492 аумақ тазаланып, 3871 шаршы метр қоқыс шығарылды, Қазақстан тауында 500 көшет отырғызылды, рұқсат етілмеген үйінділер жойылып жатыр. Саран қаласында 14 мың тонна қалдық шығарылды. Саябақтар мен гүлзарлар қоқыстан тазартылды, түрлі ағаштардың 3 мыңнан астам көшеттері егілді, тарихи және мәдени ескерткіштердің маңы жиналды. Атырау облысында бүгінге дейін 11 сенбілік өтіп, 45 522 адам қатысты, 1016 дана техника жұмылдырылды. Полигондарға 1 378 тонна қоқыс шығарылды. Жыл соңына дейін тағы 19 табиғат қорғау шарасы өткізілмек. Жетісу облысында жалпы 1 187 техника жұмылдырылып, 7 055 тонна қоқыс шығарылды, 22 255 шақырым арық желісі тазаланды.

Сонымен қатар, 25 826 шаршы метр автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс аумағында акция кезінде 29 514 түп көшет отырғызылды. Түркістан облысында аудан, қалаларда 291 ауқымды іс-шарасы өткізілді. Жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, 807 тазалық шарасын өткізу жоспарланған. барлық аудан, қалаларға кіреберіс аумақтары мен жолдардың бойы тазаланып, ретке келтірілген.

Ал, Jibek Joly арнасында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында «Таза қала» ауқымды тележобасы шығып жатыр. Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысады. Бұған дейін Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Семей, Павлодар, Алматы, Талдықорған, Қонаев, Жезқазған, Қарағанды, Астана, Қостанай қалаларының тазалығы жөнінде репортаждар сериясы жарияланды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521