Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Банктер экономикаға жұмыс істеуі тиіс

Банк жүйесі нарықтық экономиканы дамытудың басты қаржылық негізі екені сөзсіз. Десек те, соңғы жылдары ол тек халықты сүліктей сорған ұйымдарға айналып барады.

Өйткені, табысы төмен қалың бұқараның тұтыну мақсатына алған несиесін бірнеше пайызбен еселеп қайтара алмай, қиналып жүргені рас.

«Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» десек те, ақшаны 40-50 пайыздық мөлшерлемемен кері қайтару кім-кімнің де қалтасына оңай соқпасы анық. Бұл жөнінде жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында айрықша атап өтіп, банктердің экономикаға жұмыс істейтін уақыты әлдеқашан жеткеніне арнайы тоқталған еді.

Біз осынау маңызды тақырыпқа байланысты сарапшы экономист, қаржы саласының білгірі Талғат ҚАДЫРҒАЗИЕВКЕ үш сауал жолдаған едік.

– Президент атап өткендей, бізге банктер туралы жаңа заң қажет. Оның басты жетілдіретін факторлары қандай деп ойлайсыз?

– Қаржы саласында банктік қызмет көрсетуді тез арада жаңа әлемдік жағдайға сәйкестендіру қажет екені бұрыннан-ақ мәлім. Әйтпесе, артта қалуымыз мүмкін. Оның кейбір алғышарттары да бар, соған тоқталайын. Бүгінде электрондық ақшаларды шығару мен пайдалануды жеке мемлекеттік лицензиясы бар банктер ғана емес, ғаламдық интернет компаниялар да ірі мөлшерде қолданатыны мәлім. Мысалы, Google Pay, Webmoney, Яндекс Деньги, PayPal, Payoneer, тағы басқалары. Сонымен қатар, көптеген мемлекеттің орталық банктері, атап айтқанда Қытай, Ресей, Швеция, Украина, Оңтүстік Корея, Араб Әмірлігі, Сингапур, Малайзия елдері өздерінің цифрлық ақшаларын шығарып қолданысқа енгізген. Ал, Қазақстан Ұлттық Банкі өз цифрлық теңгесін тестілеу үстінде. Өз халқымыздың қаржысы басқа мемлекеттерге кетпеуі үшін республика аумағында жүріп, ішкі өнімді және салық мөлшерін молайту мақсатында жұмыстарды жеделдету қажет. Жаңа заңға цифрлық немесе электронды валютаны интернет жүйесі арқылы қолданудың заңды талаптары енгізіледі. Осыдан 29 жыл бұрын қабылданған банктер туралы заң заман талабына сай келмейді. Десек те, оның бірқатар өміршең баптары жаңа заңға қосылатыны сөзсіз.

– Біздің нарыққа келетін шетелдік қаржы ұйымдарының тиімділігі қандай?

– Жолдауда жаңа заңның ең алдымен ел экономикасына қаржылық несиелеуді арттыруға себепші болатыны айтылған. Несиені арттырудың басты тетіктерінің бірі – бәсекелестікті нығайту. Яғни, елде жаңа шетелдік банктердің жұмыс жасауына мүмкіндік беру. Еліміз 2015 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенде әлемге белгілі еуропалық, азиялық және америкалық банктердің Қазақстанның банк нарығына шығатыны, бұл бәсекелестік кредиттің пайыздық мөлшерлемесінің күрт төмендеуіне себепші болатыны айтылып еді. Одан бөлек, нақты рұқсат беретін жеңілдетілген либералдық заң талаптарының енуін де нарыққа қатысушылар әлі күтіп жүр. Осы кезге дейін шетел банктерінің Қазақстан нарығына кіруіне ретсіз шектеулер көп болды. Ал, өзге елдің қаржы ұйымдары өз пайдасы үшін біздің нарыққа мол несие қоры мен инвестиция әкелетіні айтпаса да түсінікті. Халық үшін бұл оңды қадам болмақ. Исламдық банк қызметінің жандануы үшін Біріккен Араб Әмірліктері сияқты әмбебап банктерге исламдық қаржыландырумен айналысуға мүмкіндік беру жаңа заңда қарастырылады деген үміттемін. Бұл қызмет жұртшылыққа қызмет көрсету ауқымын кеңейтуге және жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

– Бюджет қаржысын тиімді пайдалану жөнінде не айтасыз? Мақсатсыз жұмсалған ақшаның берекесі болмайтыны анық қой…

– Заң талаптарын қатаңдату және жұртшылық бақылауын орнату мен ашықтық принциптерін енгізу, аудан мен қалалардың әкімдерін жалпы сайлау арқылы тағайындау қажет деп білемін. Ал, Ұлттық қорды басқару жөнінде ел Үкіметінің ұстанымы көп сыналып жүр. Президент Жолдауына сәйкес осы мәселе бойынша тиісті құжаттар дайындалады деп ойлаймын. Қорды басқаратын органға міндетті түрде Парламент пен кәсіби мамандар тартылуы қажет деген пікірге қосыламын. Жоғарыда айтып өткенімдей, банк саласындағы бәсекелестіктің аздығы Қазақстандағы жекелеген банктердің шамадан тыс пайда табуына немесе әлсіз банктердің сапасыз қызметіне әкеліп соқтырғаны белгілі. Тіпті атын айтып түсін түстемесек те, кейбір банктердің мемлекеттен көмек ретінде мол қаржы алып, соның есебінен құрылтайшыларына мол дивидендтер бергені көпке мәлім болды. Ал, халыққа қымбат қызмет есебінен табатын пайда дивидендтерінің шамадан тыс болуы туралы хабарлар әлеумет тарапынан әділетті сұрақ туғызып отыр. Жаңадан шығарылатын заңнамалар мен Салық кодексі осы мәселеге нүкте қояр деген ойдамын.

Дайындаған Айбөпе САБЫРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT