Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

СЕГІЗ АЙЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Өткен аптаның бейсенбісі күні VI шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті 55-ші сессиясы өтті. Жиынға аудан әкімі, мәслихат хатшысы, депутаттар және жауапты бөлім, мекеме басшылары қатысты. Сессияны ашқан аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали жиынға аудандық мәслихаттың он депутатының жетеуі қатысып отырғандығын айтып, жиналғандарды күн тәртібімен таныстырды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев Қызылқоға ауданының биылғы жылғы сегіз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы баяндама жасады.

– Елімізде қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан сегіз ай ішінде ауданда біраз жүйелі жұмыстар атқарылды. Өнеркәсіп бойынша өндірілген өнімнің көлемі 42 миллиард 298 миллион теңге болып, нақты көлем индексі 97,7 пайызды құрады. Бюджеттік салық және басқа да міндетті төлемдер 155,9 пайызға, жергілікті бюджетке түсетін түсімдер 210,6 пайызға орындалды. Сондай-ақ, аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі – ауызсумен қамту. Қазіргі таңда аудандағы 26 елдімекеннің он үші орталықтандырылған ауызсумен қамтылған, бұл тұрғындардың 95,5 пайызын құрайды. Қалған он үш елдімекен жер асты суын пайдаланады. Қазіргі таңда ел бойынша білім саласына баса назар аудырылып отыр. Жалпы аудан бойынша 2020-2021 оқу жылында білім саласы 55 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға өсті. Аудан мектептеріне қажетті құрал-жабдықтар алу үшін 63,3 миллион, оқулықтармен қамтуға 83,7 миллион теңге бөлініп, керекті заттар алынды. Ал, биылғы жаңа оқу жылы 6249 оқушымен басталса, оның 551-і бірінші сынып барушылар. Қазіргі пандемия жағдайына байланысты бастауыш сыныптың 1457 оқушысы кезекші сыныпқа барса, Т.Жанұзақов атындағы бастауыш мектепте 16 оқушы штаттық режимде оқуда. Қалған 4667 оқушы онлайн оқуға көшті. Елімізде қалыптасқан күрделі кезең денсаулық сақтау саласын біраз қиындық туғызды. Алайда, білікті дәрігерлер мен жүйелі жұмыстың арқасында аталмыш салада да оң өзгерістер орын алды. Демеушілік көмек арқылы ауданға 3 ИВЛ аппараты, 32 кислородтық концентратор, 60 пульсоксиметр, 10 Боборова аппараты алынды. Соның арқасында біраз науқас ауруынан айығып шықты. Жалпы айтқанда соңғы сегіз айда ауданда біраз жұмыстар атқарылды. Жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады,-деді аудан басшысы.

Аудан әкімінің баяндамасынан кейін жарыссөзге кезек беріліп, онда сөз алған аудандық мәслихат депутаттары Мәлік Сүлейменов пен Айбар Алтыбаев ауданда атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, есепті мақұлдайтындарын жеткізді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Жақсиев бейбіт жиналыстар өткізу үшін аудан орталығынан «Жастар» паркін белгілеу туралы шешім жобасын таныстырды. Ал, үшінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелер және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Болат Салықов хабарлама жасап, «Мүмкіндігі шектеулі балаларды жеке оқыту жоспары бойынша жұмсалған шығындарды айқындау тәртібі мен мөлшерін белгілеу» шешіміне өзгерістер енгізу туралы жобаны таныстырды. Шешім жобаларымен мұқият танысқан депутаттар бірауыздан қолдап, дауыс берді. Жиын соңында мәслихаттың кезекті сессиясының төрағалығына Еркінбек Мырзашевті сайлау туралы ұсыныс айтылып, бірауыздан сайланды.

Дулат БЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521