Президентіміз өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында еліміздің жасанды интеллект негізінде әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай оң ықпалын тигізетін жаңа саяси реформа туралы айтқаны белгілі.
Бұл ретте Мемлекет басшысының: «Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек, басқа жол жоқ; Себебі бұл еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек» деген сөзі көпшіліктің көңілінен шықты. Расымен де Жолдауда айтылғандай соңғы жылдары елімізде ауқымды өзгерістер жасалды. Еліміздің саяси жүйесі анағұрлым озық әрі ашық бола түсті. Азаматтардың сана-сезімі, болмысы өзгеріп жатыр. Халқымыздың мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығаюда. Мемлекет басшысының бастамасымен 2022 жылы маусым айында елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Онда азаматтарымыздың басым көпшілігі «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиясына қолдау білдірді. Соңғы жылдары Қазақстанда, тіпті, шетелдерде болып жатқан оқиғалардың өзі біз таңдаған бағдардың дұрыс екенін көрсетіп берді.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың басында «Ана-тілі» газетіне берген ауқымды сұхбатында «Реформа-ұдайы жүретін үдеріс, қоғамда нақты сұраныс болса, жаңа реформалар әзірленеді» деп айтқан болатын. Реформалар елді өркендету ісінің ажырамас бөлігі болған, бола да беретіндігін кешегі Жолдаудан көріп отырмыз. Түптеп келгенде, Конституцияға енгізілген өзгерістер, Парламенттің реформалануы ауыл, аудан және қала әкімдерінің сайлануы, Ұлттық Құрылтайдың құрылуы және ең бастысы заң үстемдігінің басымдыққа айналуы – осының бәрі саяси тоқырауға ұшырамауға сенімді кепілдік береді. Бұл ретте, президент тапсырмасы аясында ауданымызда да ауқымды жұмыс жасалуда. Аудан халқы мен аудандық мәслихат депутаттары президенттің саяси реформаларын жүзеге асыру мақсатында жүйелі жұмыстарды жалғастыра беретін болады.
Толқын БЕЙСҚАЛИ,
аудандық мәслихат төрағасы