Қазақстандықтар салықтан босатылып қана қоймай, оның жартысын қайтарып ала алады. Осы тақырыпқа аясында BAQ.KZ тілшісі Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетіне сауал жолдады.
Мүлік салығынан кімдер босатылады?
Кеңес Одағының батырлары, "Халық қаһарманы" және "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы бар азаматтар – 1000 АЕК-ке дейінгі мүлік салығынан босатылады.
ҰОС ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтар, көп балалы аналар ("Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері), бөлек тұратын зейнеткерлер – 1500 АЕК-ке дейінгі мүлкіне салық төлемейді.
Қандай мүлікке қолданылады?
- Тұрғын үй қоры, оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар.
- Үй жанындағы жер учаскелері.
- Бағбандық және саяжай құрылысына арналған жер телімдері.
Көлік салығы: кімдерге жеңілдік бар?
Кімдер көлік салығын төлемейді:
- ҰОС ардагерлері және соғысқа қатысқан ардагерлер.
- Кеңес Одағының батырлары, "Халық қаһарманы","Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болғандар.
- "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлері.
- Мүгедектігі бар азаматтар.
Жеңілдік шарттары мынандай:
Егер азаматтың бірнеше көлігі болса, олардың ішіндегі біреуіне ғана салықтық жеңілдік қолданылады.
Салықтық жеңілдікті қалай алуға болады?
Егер сіз жоғарыда аталған санаттардың біріне жатсаңыз, салық органдарына тиісті құжаттармен жүгінуіңіз қажет.
Қажетті құжаттар тізімі:
- Көп балалы отбасы үшін – балалардың туу туралы куәлігі.
- Ардагерлерге – ардагер куәлігі.
- Мүгедектігі бар адамдарға – медициналық анықтама.
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері үшін – награданың куәлігі.
Егер салық органдары сіздің өтінішіңізді қабылдамаса немесе жеңілдіктер дұрыс есептелмесе, сіз шағым беруге құқылысыз.