Соңғы жылдары ауданда ең өзекті мәселеге айналған Ойыл өзенінің ахуалы биылғы жылы Үкімет басшысына, тиісті министрлікке жетті.
Жақында Атырау қаласына іссапармен келген Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен кездескен Миялы ауылының тұрғыны, табиғат жанашыры Есенбай Нұров «Ойыл өзенінің экологиялық мәселесін шешу үшін қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?» деген сұрағын қойған еді.
Оған министр Мағзұм Маратұлы: «Ойыл өзенінің мәселесін жете зерттеу үшін министрлік кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов бастаған жұмысшы тобы Ақтөбе облысының Мұғалжар, Темір, Ойыл және Атырау облысының Қызылқоға аудандарын аралайды. Осы жұмысшы тобының әкелген мәліметтері бойынша тиісті шешім қабылдағаннан кейін, сұрағыңызға жауап беремін» деген болатын.
Заңсыз бөгеттер бұзылуы тиіс
Осы орайда, дүйсенбі, сейсенбі күндері Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов бастаған жұмысшы тобы Ақтөбе облысының Мұғалжар, Темір, Ойыл аудандарында болып, тұрғындарымен жүздессе, сейсенбі күні түстен кейін қызылқоғалық Ойыл өзенінің жанашырларымен кездесті. Топ құрамында аталмыш министрліктің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев, «Казгидромет» РМК бас директорының орынбасары Серік Сайыров, аталмыш мекеменің ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев, «Жайық-Каспий бассейіндік инспекциясы» РММ басшысының орынбасары Бейбіт Кадимовтар болды.
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында санитарлық талаптарды сақтай отырып өткен жиында Ойыл өзенінің экологиялық мәселелері талқыланып, пікірлер мен ұсыныстар айтылды.
Жиынды ашқан аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:
– Соңғы жылдары өр суының тасымауы ауданда ауыл шаруашылығының дамуына да, ауыз сумен халықты қамтамсыз етуге де үлкен әсер етуде. Бұл мәселені зерделеу үшін өткен жылы облыс әкімдігінің қолдауымен Ойыл, Қиыл өзендерінің бастауына экспедиция жіберілді, - деп аталмыш экспедицияның жетекшісі, аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиевке сөз кезегін берді.
Оның айтуынша, экспедиция барысында республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау» тас жолының салынуына байланысты Шұбарқұдық кенті қасындағы Шиелі өзеніндегі көпірді жаңғырту құрылыстарының жүргізілуіне орай өзен арнасы екі жылдан бері бітеліп, су тұрба арқылы өтуде. Ал, Шиелі өзені құятын Жарлы өзені Ойыл өзенін қалыптастыратын шағын өзендер топтамасына жатады. Мұғалжар ауданына қарасты Мұқа өзекшесінің бойындағы 1 миллион текше метрдей су жинау мүмкіндігі бар «Мұқа» су қоймасының бөгеті 2018 жылы су тасқынынан бұзылып, қайта қалпына келтірілген. Алайда, бөгет бойына су ағатын шлюз немесе тұрба салынбаған. Ойыл өзенінің бастауынан 2000 метрдей төменірек жерге қоныстанған «Тәй-тәй Қаракесек» шаруа қожалығы өткен жылы өзен бойына өткел салған. Өткел астына су ағатын тұрба салғанымен бұл заңсыз деп табылады. Бұдан басқа өзен арнасы табиғи жолмен, яғни ағаштармен, қамыс-қоғалармен бітелген. Алайда, әлеуметтік желілерде өзенге құятын сай-жыраларда заңсыз 36 бөгет бар деп айтылуда.
– Экспедицияның зерттеу қорытындысымен су саласының ғалым-мамандарын тарту арқылы Ойыл өзенін толықтыратын су көздерін, олардың беретін ылғал көлемін анықтауды, өзен бастауындағы бұлақ көздерін зерттеуді, өзенге құйылатын сағаларды ағаштардан, қамыс-қоғалардан тазартуды, «Мұқа» су қоймасының су сақтау заңдылығын анықтап, «Тәй-тәй Қаракесек» шаруа қожалығы салған шағын бөгетті бұздыру туралы «Жайық-Каспий бассейіндік инспекциясы» РММ-не ұсыныс берілді, - деді экспедиция жетекшісі, аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев.
Көтерілген мәселелер жете зерттеуді қажет етеді
Хабарламадан соң сөз алған министрлік кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов:
– Таяуда Ойыл, Жем өзендеріне қатысты көтерілген мәселелерге орай министрдің тапсырмасымен жұмысшы тобы құрылып, өз жұмысын бастады. Ақтөбе облысы әкімдігі тарапынан Ойыл өзенінің жай-күйін зерттеу мақсатында техникалық-экономикалық негіздеме дайындау үшін қаржы бөлген. Өзен ортақ болғандықтан бұл жұмыс та Атырау облысында жалғасуы тиіс. Ақтөбе облысының Мұғалжар, Темір, Ойыл аудандарының тұрғындарымен кездесу барысында білгеніміз бұған дейін Ойыл өзені бойына салынған бөгеттер мен табиғи бөгеттердің басым бөлігі бүгінгі күні істен шыққан. Ал, әлеуметтік желілерде көтерілген бөгеттер туралы сол жердің азаматтары өздерінің ой-пікірлерін айтты. Алайда, бұл айтылған мәселелердің барлығы әлі де зерттеуді қажет етеді. Іссапар уақыты ауа райының қолайсыз мезгіліне тап келуіне қарамастан Ойылдың шын жанашырларымен кездесіп, біраз жайға қанықтық. Алдағы іссапарымызды мамыр айының ішінде жоспарлап отырмыз, - деді.
Су деңгейінің төмендеуіне климаттың да әсері бар
Бұдан кейін Ойыл өзенінде су тапшылығының пайда болу себептерін зерделеу барысы туралы хабарлама жасаған «Казгидромет» РМК бас директорының орынбасары Серік Сайыровтың түсіндіруінше, зерттеу жұмыстары Ойыл өзені ағынының қалыптасу параметріне, яғни жауын-шашын мөлшері, күзде топырақтың ылғалдануы және ауаның орташа температурасының өзгеру тенденциясы бойынша жүргізілген. Ойыл өзенінің алабында өткен ғасырдың 70-інші жылдарынан бастап қысқы уақытта қар жаууы мөлшері, топырақтың ылғалдану мөлшері азайса, 50-інші жылдардан бері қарай ауаның орташа температурасы шамамен 1,5 градусқа көтерілген. Зерттеу нәтижесінде, 1935-1950 жылдар аралығында 309 миллион текше метр болған Ойыл өзеніндегі судың орташа көлемі 1972-2019 жылдар аралығында 233 миллион текше метрге, яғни 25 пайызға азайған. Сондай-ақ, негізгі құбылу диапазонына байланысты кей жылдары өзен ағынының тоқтап қалуы байқалады. Қазақстандағы өзендердің 90 пайыздан астамы қармен қоректенетіндіктен қар мол болса өзенде ағын болады, ал қар аз түскен жағдайда өзен ағысы тоқтайды.
Ауыл тұрғыны Мақсот Мұқановтың:
«Өзен суының азаюы еліміздегі барлық өзендерге тән бе, әлде тек Ойыл өзеніне ғана қатысты ма? Сондай-ақ, Қазақстанның басқа аймақтарына жауын-шашын көп болса, біздің өңірге неге аз мөлшерде түседі?» деген сұрағына хабарламашы:
– Өзен суының азаюы Қазақстандағы барлық өзендерге тән тенденция. Соңғы жылдары еліміздегі ірі өзендердің де су деңгейі төмендеп барады. Бұған адамдардың суды түрлі қажеттілікке есепсіз жаратуымен бірге климаттық өзгерулер де әсер етуде. Ал, жауын-шашынның негізгі қозғалтқыш күші күннің энергиясы екені белгілі. Күн энергиясымен ылғалданған мұхит бетіндегі су ауа ағыстары арқылы жан-жаққа қозғалады. Алайда, ауа ағыстарының басқа жаққа кетуінен бізге ауа ылғалдары, яғни бұлт көшкіндері жетпей жатады, - деп жауап берді.
Ойыл мен Сағыз бірге зерттелсе
Кездесу барысында зейнеткер Хамидолла Әбдірахманов:
– Ойыл өзенінің тасымауы салдарынан жерасты су тартылып барады. Сондықтан, Қызылқоға өңірінің қай жерінде тұщы суы қоры бар екендігін зерттеп беруге мүмкіншілік бола ма? - деп сұрақ қойды.
Бұл сұраққа жауап берген аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев: – Біздің облыста жерасты суын зерттейтін «Атырау гидрология» ЖШС бар. Өткен жылы осы мекемеге тапсырыс беріп, жерасты суларын зерттеткіміз келген. Алайда, заңдылыққа сай біз тапсырыс бере алмадық. Сондықтан аудандағы ахуалды баяндап облыс әкімдігіне хат жаздық. Өйткені, облыстағы табиғат ресурстарын пайдалану және реттеу басқармасы арқылы жерасты суларын зерттетуге мүмкіншілік бар, - деді.
Ал, зейнеткер Қалидолла Ізекен Ойыл арнасына салынған заңсыз бөгеттерді, басқа да сай-жыралардағы кедергілерді бұздыруға министрліктің құзіреті жетпесе, прокуратура арқылы тексертіп, бұздыру қажеттігін, министрліктен құрылатын комиссия жұмысын мамыр айында емес, сәуір айында бастағаны жөн екендігін жеткізсе, халыққа қызмет көрсету саласының маманы Жүсіп Әбдіғалиев:
– Аудан территориясында Ойыл өзенінен басқа жағдайы мүшкіл Сағыз өзені де бар. Сондықтан, зерттеу жұмыстары екі өзенге де бірдей жүргізілгені дұрыс. Сондай-ақ, қар еріп, көктем басталмастан бұрын өзен арнасын тазалап, заңсыз бөгеттерді бұзу, шлюздарды қалпына келтіру немесе кеңейту жұмыстарын жүргізуге еріктілер тобы дайын. Бұл ретте, жұмыс жасайтын еріктілерге тиісті органдар кедергі келтірмей, рұқсат берсе игі, - деген ұсынысын білдірді.
Ортақ тұжырым, жүйелі жұмыс қажет Ал, Ойыл өзенінің мәселесін көтеріп жүрген табиғат жанашыры Есенбай Нұров:
– Өзеннің құрғап қалуы аудан халқы үшін қиын болып отыр. Сондықтан халықтың мұңын, айтар ұсыныс-пікірлерін, өзеннің мүшкіл халін обективті түрде билікке жеткізіп, қалпына келтіруге атсалысуды мақсат тұттым. Бұл мәселенің ақ-қарасын айыруға Сәрсенбай Құрманұлының келуі мақсатымның бір бөлшегінің орындалғаны деген ойдамын. Енді, Сіздер өз тараптарыңыздан өзенді түбегейлі зерттеп, қалпына келтіру бағытында оң шешім шығарады деген үміттемін, - деп министр кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегеновке 19 ғасырда туған өлкеміздің жері мен өзен-көлдерін зерттеген орыстың ориенталист ғалымы, Санкт-Петербург Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Н.В.Ханыковтің еңбегін табыс етті.
Мәжілісті қорытындылаған министр кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов:
– Бұған дейін Ойыл, Жем өзендерінің жай-күйіне, эко жүйесіне, су алқаптарының жағдайына мемлекет тарапынан ешқандай кешенді зерттеулер жүргізілмеген. Өзеннің тартылуына табиғаттың өзгеруі де шешуші рөл атқаруы мүмкін. Алайда, адамдардың да қызмет әрекеті кезінде адами фактордың орын алып отырғандығын жоққа шығаруға болмайды. Енді, екі күнгі кездесулерде айтылған пікірлер мен ұсыныстарды жинақтау арқылы бір ортақ тұжырымға келіп, жүйелі жүмыстарды қолға алуымыз керек, - деді.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ