Таяуда АҚШ-тың Индиана штатындағы Форт-Уэйн қаласында параволейболдан Әлем кубогін сарапқа салған жарыс өтті. Оған әлемдік рейтингіде ең жоғары орындарда тұрған 14 команда қатысып, өзара кім мықтыны анықтады. Аталмыш додада жерлесіміз Бауыржан Тахауов баптайтын еліміздің ұлттық құрамасы да қатысып, нәтижелі өнер көрсетті.
Екі топқа бөлінген әлемнің маңдайалды 14 құрамасы «Әп» дегеннен тартысты ойындарды бастап кетті. «А» тобында өнер көрсеткен жерлестеріміз Италия, Канада, Польша, АҚШ, Таиланд және Франция командаларын ұтып, өз тобынан бірінші орынмен шықты. Ал, жартылай финалда Египет құрамасымен кездесіп, тартысты өткен ойында 3:2 есебімен есе жіберіп алды. Үшінші орын үшін болған тартыста алаң иелері АҚШ құрамасымен кездесіп, оларды 3:1 есебімен жеңіп, Әлем кубогінің қола жүлдегері атанды. Жарыстан кейін ұлттық құраманың бас бапкері, жерлесіміз Бауыржан Тахауов:
– Әлем кубогіндегі қола жүлде – біздің параспортшылардың жоғары деңгейдегі шеберлігін айқындайтын маңызды жетістік. Сонымен қатар, осы нәтиже арқылы біз 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына қажетті рейтингтік ұпай жинадық. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Енді Әлем чемпионаты мен Азия біріншілігіне дайындаламыз, - деді.
Осы орайда, Әлем кубогінің қола жүлдегері атанған ел құрамасының жаттықтырушылар сапында сағыздық Ернар Мәтеуов, ойыншылар арасында мұқырлық Нұртау Мұхамбетқалиев пен тасшағылдық Бауыржан Сартаев сынды жерлестеріміз бар екендігін мақтанышпен айта кеткен жөн.
Дулат МӘТЖАН



