Ер азаматтың ризығы түзде. Сол себепті ер адам сыртқа шыққан жағдайда отбасын асырай алады. Үйде жатып ата-анасының еңбекақысына қарап отырған тепсе темір үзетін азаматтар бар. Қоғам болғасын бәрі болады. Десек те, бұл өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі боларлық іс деп айта алмаймын. «Көш жүре-бара түзеледі» демекші мемлекетіміз мүмкіндіктер беріп жатыр, соны пайдалану керек.
Әсіресе, жастарға көптеген бағдарлама, мемлекеттік грант, жобалар жариялануда. Расында біз миымызды жалқау қылып тастағанбыз. Біздің миымыз ұйықтағанды, тамақ ішіп, әлеуметтік желіні қарап уақыт өткізгенді жақсы көреді. Біздің миымыз қашан дамуды тоқтатады сол кезде біз құрдымға кетеміз. Ал біз оны байқамаймыз.
Мен осы тұста, мүмкіндігі шектеулі болса да әр салада еңбек етіп жүрген жандарды үлгі етер едім. Сол бағытта көптеген жұмыстар жасағым келеді. Өйткені, әке-шешенің баққанына масаттанған ұрпаққа, елдің болашағын сеніп тапсыру қорқынышты. Сондықтан да, ата-аналар да өз қолы аузына жеткен ұл-қызды бағып, ол үшін жұмыс сұрап келуді қоюымыз керек. Керісінше, өз болашағын өзі қолына алсын. Жұмыс жоқ дейтін жастар сәл айналаға қараса осы ауылдан бір емес екі-үш жұмысты қатар жасайтын мүмкіндік бар. Қорыта келгенде, масылдық мұратқа жеткізер жол емес.
Асылбек МҰРАТОВ,
жеке кәсіпкер