Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әр Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындап, үнемі тың бастамалар көтеріп келеді. Соның бірі және бірегейі – «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасы.
Бұл бастама Президенттің елге деген жанашырлығы мен қамқорлығының айқын көрінісі деп білемін. Қазіргі таңда елімізде мектеп бітірген балаларының оқуын жалғастыра алмайтын ата-аналар бар. Олардың көбі көп балалы, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардан шыққан. Ал «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы осындай отбасыларға үлкен қолдау көрсетеді. Баласы 18 жасқа толғаннан кейін, әрбір бала өзіне тиесілі жинақталған қаражатты ала алады да, қалаған оқу орнына түсуге мүмкіндік алады. Менің бес балам бар. Былтырдан бастап қаңтар айында бес баламның есепшотына Ұлттық қордан ақша түсті. Үлкенім студент, қалада оқып жатыр. Төртеуі мектепте білім алып жатыр. Бұл бастама тек балаларға ғана емес, еліміздің жарқын болашағына салынған үлкен инвестиция деп санаймын. Бұл бастама арқылы тек білім алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, әрбір баланың болашағына сенім ұялатуда. Ұлттық қордың осындай мүмкіндігі балаларымыздың жетістіктеріне жол ашатыны сөзсіз.
Жанар Мусаева,
көп балалы ана