Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ұлттың жаңа болмысы қалай қалыптасады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру» туралы міндет жүктелген болатын. Ұлт болмысының негізі – жас ұрпақты балабақша жасынан бастап, тілі шығып, тірсегі түзелгенге, буыны бекіп, бұғанасы қатқанға дейінгі тәрбиені ана тілінде сіңіру болмақ. Ата-бабамыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы ауыз толтырып айтуға болады. Десек те, жаңа заманға, жаңа буынға жаңа қағидалар керек.

Жаңаша леп керек

Жолдауда айтылғандай, жас ұрпақ терең білімді, еңбекқор, өз ісінің маманы, биік саналы, жауапкершілігі жоғары, әділ, тиянақты болып өссе, қазақ баласы еш ұлттан кем болмай, қайта болашақтың әлемдік көшбасшысына айналмақ. Шүкір, қазіргі таңда екі қолға бір іс тауып, білек сыбана еңбек етіп жатқан жастарымыз аз емес. Солардың бірі, өз ісінің шебері – Айзада Досқали. Нұр-Сұлтан қаласындағы Басқару колледжінде «Дизайн» мамандығын тәмамдаған соң, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Миялы балалар өнер мектебіне жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа орналасады да, 2018 жылы сол мектепке «Бейнелеу және қолөнер» маманы болып жұмысқа кіріседі. 2019 жылы Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бірлесіп іске қосқан «Жастар корпусын дамыту» жобасына қатысып, «Дизайн студиясы» атты жобасы мақұлданып, 1 миллион теңгелік грантқа ие болады. Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың ортаға бейімделіп, жанына жақын достар табуына, өз мүмкіндігін пайдаланып кәсібін бастауына мүмкіндік беру. Осы жобадағы 6 ай мерзім ішінде кейіпкеріміз 6 мүмкіндігі шектеулі жанға, 30 көп балалы отбасы және 20 аз қамтылған отбасы балаларымен бірлесе жұмыс атқарып келеді. Бүгінгі күні Айзада «Zhas project» және «Бастау Бизнес» жобаларының сертификатына ие болып, 2 мәрте «Үздік ұстаз» және «Үздік жетекші» төсбелгісімен және бірнеше алғыс хаттар, Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазіргі таңда еліміздің жаңаша дамуына өз үлесін қосып, білгенін жас ұрпаққа үйретіп, ұстаздық жолында қызмет етуде.

- Ұлтымыздың негізгі болмысы бірнеше ғасыр бұрын қалыптасқан. Сол алып діңгек әлі күнге дейін өз күші мен құдіретін жойған емес. «Жаңа болмыс қалай қалыптасады?» деген сұрақтың қылаң беруі заңдылық. Жаңа болмыс жаңа леппен келеді. Жастардың күшімен қалыптасып, одан әрі қарай нығая бермек. Ең алдымен, жастар рухани қаруланып, азықтануы керек. Себебі, жастар технологияның тілін жетік меңгеріп, ғылымға қол жеткізіп, жаңашылдықтың барлығын ұлттың салт-дәстүрімен, сана-сезімімен, дүниетанымымен ұштастыра отырып, ұлттың жаңа болмысын қалыптастырады. Егеменді елдің болашағы – біздерміз! Тұғырлы тәуелсіздігіміздің қандай жанкештілікпен келгендігі баршамызға мәлім. Ендеше, жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бейбітшілігіміздің мәңгілігін, берекеміздің тұрақты болу үшін ауыз біршілікте болайық. Тіліміздің тұнықтығын ластамай, дініміздің діңгегін босатпай, ұлылардан алған мұрамызды келер ұрпаққа аманаттау - біздің міндетіміз, – дейді Айзада Досқали.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және қазіргі пандемиялық кезеңде оларға қолдау көрсету керектігін, сонымен қатар 2025 жылға қарай шағын және орта кәсіпкерлікті 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың санын 4 миллион адамға дейін көбейту керек екендігін атап өткен болатын. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықты да жоюға болады. Қазіргі таңдағы ел ахуалын баса назарда ұстап, қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы қажет. Ысырапшылдық, даңғазалық, жауапсыздық, немқұрайдылық, бос сөзділік, бөспелік, мақтаншақтық секілді әдеттерден арылғанда ғана ұлттың жаңа болмысы қалыптасады.

Жақсы ұстаз шабыттандырады

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім берген тәрбие мен өнеге әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Мұғалімнің қолдауының арқасында өмірлік кәсібін бастаған жандар қаншама?! Сондай жандардың бірі – Айсәуле Жаңабайқызы. Оны тігіншіліктің биігіне өз ісіне деген сүйіспеншілігі ғана емес, жаңаны жасасам, көркем дүние тудырсам деген құлшынысы алып шықты. Кейіпкеріміздің айтуы бойынша, мектеп кезінде еңбек пәнінің мұғалімі Сандуғаш Нұрбайқызы Айсәулені қолөнерге баули отырып, түрлі облыстық, аудандық жарыстарға қатыстырған. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» дегендей аталмыш мұғалімінің тәлімді тәрбиесінің арқасында оның қолөнерге деген қызығушылығы оянады. Мектеп бітірген соң қабілетін шыңдау мақсатында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің колледжіне «Дизайн» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 4 жылдық білімін алып шығады.

Оқуды аяқтаған соң жарты жылдай мамандығы бойынша туып-өскен жері Миялыда жұмыс жасап, кейін кәсіпкерлікке бет бұрады. Әлемді жайлаған пандемияға қарамай жас кәсіпкер қолға алған ісін әрі қарай жалғастырып келеді. Анасының қолдауын сезінген ол кездескен кедергілерге тайсалмай, бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп отырады. Заман талабына сай, жастарға арналған капюшонды жейделер (худи, толстовка), спорттық костюмдер (свитшот), спорттық үлгідегі шалбарлар (джогер) және тағы да басқа қазіргі сәнге айналған киім үлгілерін тігеді.

Еңбекпен тапқан нан тәтті

- Қазіргі таңда жастардың көп бөлігі қолдарынан ұялы телефонын тастамай, әлеуметтік желіге байланып отырады. Әрине, мен де жаспын, мен де әлеуметтік желіні қолданамын. Дей тұрғанмен, ұялы телефонды тек қажетімізге ғана пайдаланып, қалған бос уақытымызды еңбекке, жақсы істер жасауға арнасақ жақсы болар еді. Қазіргі заман талабы – өз біліміңді шыңдап, еңбек етіп, табыс тауып, бәсекеге қабілетті ұрпақ қатарынан көріну. Менің қазіргі өзім қатарлас жастарға, артымыздан өсіп келе жатқан жас буындарға айтарым «Еңбек еткен емеді, еңбексіз не өнеді?» дегендей, әр жас өз алдына жеке мақсат қойып, жоспар жасап, еңбек етуі керек. Еңбекпен келген әр нанның дәмі тәтті болады, – дейді Айсәуле Жаңабайқызы.

Міне, бойында өрісті өнері, жалындаған жігері бар осындай жастарымыз бос уақыттарын еңбекке арнап, өз біліктіліктерін арттыра отырып, халық мүддесі үшін қызмет етуде. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың қайнар көзі - жастарда» деген болатын. Сайып келгенде, еліміздің алдына қойған міндеттерінің бірі, ол – бала тәрбиесі, бәсекеге қабілетті, егеменді елдің болашағын жалғастырушы ұрпақ тәрбиелеу. Әрине, ол отбасынан басталары анық. Біздің ата-бабаларымыз бізге байтақ дала мен рухани азығы мол салт-дәстүрлерімізді мирас етіп, өскелең ұрпаққа зор сенім артты.

Ендеше, жастар сол сенімді ақтап, олардың бізге қалдырған ұлы мұрасын жалғастыра білгені жөн.

Әйгерім БИБОЗҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521