Аудандық сотта, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен мал ұрлау, яғни бөтеннің малын мал қораның ауласына заңсыз кірумен жасырын жымқыру бойынша азамат Р.А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы Р.А. ауладағы сыртқы есіктің темір ілгішін қолымен ашу арқылы ішіне заңсыз кіріп, бөтеннің бір бас құны 25000 теңге тұратын қоңыр түсті қой-қозы малын жасырын ұрлап, жәбірленуші Б.Н.-ға жалпы құны 25000 теңге мүліктік шығын келтірген. Сот отырысында, қылмыскер өз кінәсін мойындап, арақ алу үшін қой-қозы малын сойып алып, тоңазытқышқа қатырып, етті сатқандығын мәлімдеп, соттан бас бостандығын айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленуші Б.Н. сотталушыға балалары мен әйелі үшін ғана кешірім беретіндігін, қылмыс жасағаны үшін кешірім бермейтіндігін айтты.
Сотта, сотталушының бұдан бұрын да ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айырылғандығы, жазасын өтесе де, соттылығы жойылмағандығы анықталып, сотталушы Р.А.-ның әрекетінде Қылмыстық кодекстің 14-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстың қайталануы бар деп танылды Сондықтан, сот үкімімен, сотталушы Р.А.аталмыш заң талаптарымен кінәлі деп танылып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Б.СИСЕНОВ
Сурет: ашық дереккөзден