«Өзбекнефтегаз» АҚ (ӨНГ) делегациясы «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ге («ҚазМұнайГаз» АҚ ҰК еншілес кәсіпорны) жұмыс сапарымен келіп, өндірісті цифрландыру жүйелерін енгізу бойынша тәжірибе алмасты.
Сапар аясында делегация зауыттың тренинг орталығында болып, технологиялық қондырғылар операторлары үнемі оқудан өтетін компьютерлік тренажер кешенінің жұмысымен танысты. Бұл кешен — штаттық және штаттан тыс жағдайларда персоналдың әрекет ету алгоритмдерін пысықтауға арналған технологиялық қондырғылар мен өндірістік алаңдарды басқару жүйесінің «цифрлық көшірмесі».
Кейін қонақтар зауыттың диспетчерлік және бірыңғай операторлық бөлмелерін аралады. Мұндағы MES (Manufacturing Execution System) өндірісті басқару және APC (Advanced Process Control) технологиялық қондырғыларды басқару жүйелері Өзбекстан мамандарының ерекше қызығушылығын тудырды. MES нақты уақыт режимінде өндірістік көрсеткіштерді бақылап, технологиялық процестерді сапалы басқаруға мүмкіндік береді. Ал «автопилот» ретінде жұмыс істейтін APC жүйесі маржасы жоғары өнімдердің, соның ішінде дизель отынының өндіріс көлемін арттыруға жағдай жасайды.
Өзбекнефтегаз делегациясы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өндірісті цифрландыру нәтижелерін жоғары бағалап, ҚМГ мен ӨНГ арасындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасы аясында тәжірибе алмасуды одан әрі жалғастыруға дайын екенін жеткізді.