Елімізде жұмысшы мамандықтардың маңызы арта түспек. Президентіміз биылғы дәстүрлі Жолдауында: «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал», — дейді. Онсыз да бүгінде сұранысы жоғары мамандық саналатын бұл саладағылар қандай құрметке де лайық.
Қазіргі таңда елімізде жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс жоғары. Бұл – бір жағынан техникалық прогрестің, екінші жағынан білікті кадр тапшылығының белгісі. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі арқылы жастарды осы салаға тарту – уақыт талабы. Себебі заман ағымына сай, жаңа технологияларды меңгерген, кәсіби шеберлігі жоғары жұмысшылардың маңызы зор.
Жұмысшы мамандық иелері – тек табыс табушы ғана емес, ел дамуына үлес қосушы азаматтар. Қоғамда оларды қадірлеу, еңбегін бағалау – әрбіріміздің парызымыз. Өйткені адал еңбек еткен адамның мерейі әрқашан биік болмақ.
Жұмысшы мамандықтары – еліміздің болашағы үшін маңызды күш. Президентіміз атап өткендей, еңбекті қадірлеу – қоғамның басты құндылықтарының бірі болуы керек. Жастарға еңбекке деген сүйіспеншілікті сіңіру, жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру – мемлекет пен қоғам алдындағы ортақ міндет
А.Тілеккабылов,
Аудан тұрғыны