Заман ағымына қарай қаржы әлемі де күннен күнге өзгеріп отырады. Осы әлемде дұрыс бағдарлану, өз қаражатыңызды тиімді басқару үшін қаржылық сауаттылық деңгейіңізді үнемі көтеріп, ақпараттық технологиялар мен құқықтық саладағы білімді толықтырып отыру – уақыт талабы. Қоғам болғандықтан түрлі жағдайлар кездесіп жатады.
Жалақысы айдан келесі айға жетпей, қарызданатындары да жасырын емес. Оның үстіне әлеуметтік желілерде таратылып жүрген жарнамаларға сеніп, арзан зат аламыз деп алданып қалуы кездесіп жатады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті жолдауында:
«Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте, «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал биыл одан да көп адам қатысады. Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет» деген болатын.
Ақшаны ұтымды пайдалану үшін әр адам өз қаржылық сауаттылығын үнемі арттырып, ақпараттық технологиялар саласы мен құқықтық саладағы білімін көтеру қажет. Бұл өз кезегінде әр адамның бойында қаржылық сауаттылық пен қаржылық қауіпсіздік деген түсініктерге салмақты көзқарас қалыптастырып, өзінің қаржысына өзі ғана иелік ететін сенімділік беріп, түрлі алаяқтықтарға ұрынып қалу тәуекелін азайтуға септігін тигізбек.
Ержан САПИЕВ,
аудандық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі