Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Еркін СҰЛТАНОВ, №9 орта мектеп директоры: «Спортты серік еткен отбасымыз»

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай ақын айтқандай, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру арқылы бойына жақсы қасиеттерді дарытып, бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.

Сондықтан да ұстаздарға артылар жүк те ауыр болмақ. Бұл ретте, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге өз үлесін қосып жүрген №9 орта мектептің директоры Еркін Сұлтановтың шоқтығы биік. Жүздеген шәкіртті білім нәрімен сусындатқан ұстаздың айтары да жетерлік. Сол себепті, біз еселі еңбегі жастарға үлгі-өнеге болып жүрген ұстазбен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Еркін Қадірбекұлы, келе жатқан төл мерекеңіз құтты болсын! Ең алдымен өмір жолыңыз бен шығармашылық жетістіктеріңізге тоқтала кетсеңіз?

– Рақмет! Мен 1974 жылдың 3 мамырында Сағыз ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Әрине, көпбалалы отбасында дүниеге келгендіктен бір мұғалім болуы заңдылық деп есептеймін. 1991 жылдары Кенбай орта мектебінде орта мектебін бітіріп, 1996 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Ал, еңбек жолымды 1996 жылы өзім оқып, білім алған Кенбай орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі қызметінен бастап, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2003 жылы  Сағыз балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы, 2011-2019 жылдары мектеп директоры, Сағыз ауылдық округінің әкімі, Мақат аудандық білім беру бөлімінің басшысы, Сағыз орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс жасадым. 2019 жылдың 3 қаңтарынан бастап №9 орта мектебінің директоры қызметін атқарып келемін.

Француз философы Жан-Жак Руссо «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» демекші, мұғалім әрқашанда ізденіс үстінде болып, заман талабына сай білімді болуы тиіс. Әрине, әркез ізденуді отбасымызбен жақсы көреміз. Отбасымда 4 балам бар. Бір қызығы, отбасында өзім де, жолдасым мен ұлымда дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері. Демек, спортты серік еткен, салауатты өмір салтын ұстанған ұстаздармыз десек те болады.

– Сіздің өнегелі жолыңызға қарап жеткен жетістіктеріңіздің толассыз екені даусыз. Нақтырақ тоқталсаңыз?

– Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаз. Кім де кім жетістікке жетсе бірінші Алланың, екінші өмірге әкелген ата-анасының, үшінші ұстаздардың арқасы екендігі даусыз. Ғалым да, дәрігер де, ұшқыш та осы ұстаз атаулыдан тәлім алады. Олардың еңбегі өте зор. Бір-бір үйдің еркесін оқытып, тәрбиелейтін мұғалімдердің еңбегіне ешкімнің шүбә келтірмейтіні анық. Жеткен жетістіктерімізде жетерлік. Атап айтсақ, 2019 жылы Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Дене шынықтыру» пәні бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру  білім беру бағдарламасы бойынша 40 академиялық сағат көлемінде оқыту курсы сертификаты, дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінің арасында өткен аудандық көпсайыстан І орынды, 2020 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен марапатталдым. Әрине, көптеген оқу курстары, білім жетілдіру курстарына үздіксіз қатысып тұрамын.

– Мерекелік тілегіңізді білдіре кетсеңіз?

– Мереке күні қарсаңында шәкірттерінің жетістігін көріп марқайып отыратын ардагерлерімізді, ұлағатты ұстаздарымызды және жас мамандарды мерейлі мерекелерімен құттықтаймын. Өзгенің баласына білім беріп, мейірім мен алтын  уақытын арнау, ол – ерлік. Осы қызығы мен шыжығы мол мамандықта еңбектеріңіз еленіп, мерейлеріңіз артып, еселене берсе екен деймін. Отбасымызбен білім саласын таңдағанымызға еш өкінген емеспіз. Барша ұстаздардың отбасыларына амандық,   шәкірттері толағай табыстарға жете берсін деп тілеймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521