Астанада жаңа білім беру нысандары – мектептер, балабақшалар және көпфункциялы кешеннің құрылысы жалғасуда, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
2025 жылы елордада екі ауысыммен 43 744 орынға арналған 14 мектеп ашу жоспарланған еді. Оның ішінде 7-еуі – жайлы мектептер, 4-еуі – BIP жобасы бойынша және 3-еуі – жеке меншік мектептер. — 1 қыркүйекке қарай 24 мың орынға арналған 6 жайлы мектеп жұмысын бастап кетті. Жыл соңына дейін қалған 8 мектепті 19 744 орынға пайдалануға беру жоспарлануда, — деп хабарлады қала білім басқармасы Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында. Мектептермен қатар, биыл әкімдік 600 орындық екі жаңа балабақша – № 99 және № 100 ашпақ. Қазіргі уақытта оларды дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ 750 орындық көпфункциялы кешеннің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі кезде құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылуда. Бұған дейін Астанада үш ауысыммен оқытылатын төрт мектептегі және шамадан тыс жүктелген жеті мектептегі орын тапшылығы мәселесі шешілетіні хабарланған болатын.



