Сенат құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заңды қабылдап, оған бірқатар өзгерістер енгізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атап айтқанда, «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңды және оған ілеспе 2 құжатты екі оқылымда қарап, мақұлдады.
Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды. Бұл жүйелі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, уәкілетті органдар мен мамандар аясын кеңейтуге, ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуге және мемлекеттік қауіпсіздік бойынша ұлттық баяндама дайындауға мүмкіндік береді.
Алдын алу шаралары құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын шектеуден бастап, ескерту тетіктерін, қорғау талаптарын енгізуге және айыппұл салуға дейінгі кешенді тәсілге негізделеді. Алғаш рет виктимологиялық профилактика ұғымы енгізіліп, азаматтардың ерікті қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
Жеке бөлім балаларды қорғауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, қайталанатын қылмыстар мен көзге көрінетін құқық бұзушылықтарды болдырмауға арналған. Әкімдерге балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік органдар құру құқығы берілді.
Сонымен қатар құжат электр самокаттарын пайдалануға қатысты жаңа талаптарды айқындайды: иелері мен жалға беру қызметтері сақтандыру жауапкершілігін көтеруі тиіс, құрылғыларға тіркеу нөмірлері беріледі және пайдаланушыларды есепке алу міндеті енгізіледі.
Заңның міндеттері:
- адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз ету;
- құқық бұзушылық деңгейін төмендету;
- құқықтық мәдениет деңгейін арттыру және заңға мойынсынатын мінез-құлықты қалыптастыру
- жәбірленушілер мен құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды әлеуметтік оңалту және бейімдеу бойынша мақсатты жұмыс жүргізуді қамтамасыз ету;
- қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылық профилактикасына азаматтардың белсенді қатысуын арттыру.
Еске салайық, бұған дейін Мәжілісте электросамокатқа нөмір мен сақтандыру міндеттеу туралы жаңа нормалар бекітілген болатын.



