Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Атқарушылық жазбаның заңдылығын түсіндіру

Елімізде нотариустың атқарушылық жазба жасау тәжіриебесі кеңінен қолданысқа енгізілуде. Дегенмен, көптеген азаматтар мен заңды тұлғалар қолданысқа енгізілген атқарушылық жазба туралы, оған білдірілетін қарсылық турасында аз  мәліметтер алғандықтан,  түсінбей жататын жағдайлар кездесуде. 
Жалпы, нотариустар ҚР «Нотариат туралы» Заңына 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген өзгерістерге сәйкес, атқару жазбасын жасау құқығына ие. 
Атқарушылық жазба дегеніміз - ол өндіріп алушыға тиесілі белгілі бір ақшаның сомасын борышкерден өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы нотариустың өкімін білдіреді. 
Атқарушылық жазбаны жасағаннан кейін нотариус келесі жұмыс күнінен кешіктірмей табыс ету туралы хабарламамен бірге борышкерге оның көшірмесін жібереді. Жеткізу бойынша шығыстарды өндіріп алушы өз бетінше төлейді. Борышкерге хатты табыс еткен күннен бастап (күн хабарламада көрсетіледі) он жұмыс күні өткен соң және борышкер тарапынан қойылған талаптарға қарсылық туралы жазбаша өтініш болмаған кезде, нотариус өндіріп алушыға атқарушылық жазбаны борышкердің тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бойынша сот орындаушысына орындауға ұсыну үшін береді. 
ҚР «Нотариат туралы» Заңының 92-1 бабының 2 тармақшасына сәйкес, борышкер атқарушылық жазбаның немесе тиісті қаулының көшірмесін алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде атқарушылық жазбаны жасаған немесе тиісті қаулыны шығарған нотариусқа хабарламасы бар мәлімделген талапқа қарсы қарсылығын жазбаша түрде жіберуге құқылы. Борышкердің қарсылығында мәлімделген талаппен келіспеу себептері қамтылуға тиіс.
Егер қарсылық келіп түссе, нотариус ҚР«Нотариат туралы» Заңының 92-8 бабының 1 тармақшасына сәйкес, үш жұмыс күнінен кешіктірмей атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулы шығарады. Бұл ретте, өндіріп алушы да, борышкер де Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 45-тарауының тәртібінде атқарушылық жазбаға дау айту үшін сотқа жүгіну құқығынан айырылмайды.
Азаматтарға ыңғайлы болу және атқарушылық жазбалар бойынша қарсылық берудің жедел тәсілдерімен қамтамасыз ету мақсатында
2021 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 31.01.2012 жылғы №31 бұйрығымен бекітілген «Нотариустардың нотариаттық іс-әрекеттер жасау ережесіне» түзетулер енгізілді.
Аталған түзетулер негізінде қолдың түпнұсқалығын нотариалды куәландыру қажеттілігі алып тасталды.
Сонымен қатар, нотариустың электрондық поштасына жіберу арқылы қарсылық берудің жаңа балама тәсілі енгізілді.
Енді егер борышкердің нотариусқа жеке өзі қарсылық білдіруге немесе пошта байланысы арқылы жіберуге мүмкіндігі болмаса, оған өзінің қарсылығын нотариустың электрондық поштасына жіберу жеткілікті.
Бұл ретте мұндай қарсылық беру мерзімдерін (10 жұмыс күні) сақтау маңызды.
Бұрын борышкерлер қарсылықты тек екі жолмен – нотариустың жеке өзіне не хабарламамен жібере алды, соңғы жағдайда қолдың түпнұсқалығы нотариалды куәландырылды, ол үшін мемлекеттік бажбен қатар, құқықтық және техникалық сипаттағы қызметтер үшін төлем алынған болатын.
Электрондық пошта арқылы қарсылық білдіру қосымша қаржылық және уақыт шығындарын болдырмайды.
Жалпы алғанда, нотариустың атқарушылық жазбасы — нотариалдық әрекеттің жаңа түрі ретінде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған оңтайлы тәртіп.
Нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар өз кезегінде сот жүктемелерін азайтып, басы артық дәлелдемені қажетсінбейтін даусыз талаптарды нотариустер арқылы тез шешуге қолайлы және азаматтар мен заңды тұлғалардың нотариустардың әлеуетін пайдалануы азаматтық айналымға қатысушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мерзімін едәуір қысқартады.


Атырау облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы
Айгүл Айдынқызы Анжанова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT