Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ел үшін тиімді бастама

Қазақстанда атом электр станциясы салу мәселесі соңғы уақытта қоғамда қызу талқылануда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АЭС салу туралы референдум өткізуге қатысты жарлыққа қол қоюы бұл тақырыпқа үлкен назар аудартты. Президент өз сөзінде елімізге тұрақты энергия көзі қажет екенін атап өтіп, атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын. Бұл шешімді халық өзі қабылдайды деп нақтылаған еді. 

АЭС – әлемдік энергетика саласында маңызды орын алатын төмен көміртекті энергия көзі. Оның басты артықшылықтарының бірі – атмосфераға көмірқышқыл газын шығарудың төмендігі. Бұл климаттың өзгеруімен күресуге ықпал етеді және қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайтады. Сонымен қатар, АЭС тұрақты және сенімді қуат көзі, себебі ол ұзақ мерзімде үздіксіз үлкен көлемде электр энергиясын өндіруге қабілетті.

Осы тұста АЭС-тің Қазақстан үшін артықшылықтарын былайша атап өткім келеді.

Біріншіден, көмірқышқыл газын азайтуға әсері мол. АЭС атмосфераға шығарылатын парниктік газдарды айтарлықтай төмендетеді. Көмір немесе газбен жұмыс істейтін станциялармен салыстырғанда, атом станциялары климаттың өзгеруіне қарсы күресте тиімді құрал болып табылады.

Екіншіден, бұл — тұрақты қуат көзі.

Атом электр станцияларының тұрақты жұмыс істеуі электр қуатының үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. Бұл энергетикалық тәуелсіздікке және қауіпсіздікке үлкен үлес қосады, әсіресе энергия тапшылығы туындаған кезде.

Үшіншіден, ұзақ мерзімді энергия өндіруде тиімді бастама.

АЭС ұзақ уақыт бойы жұмыс істей алатындықтан, оның тиімділігі мен тұрақтылығы жоғары. Атом отынының қоры ұзақ мерзімде жеткілікті болғандықтан, басқа энергия көздеріне тәуелділікті азайтады.

Төртіншіден, жел немесе күн энергиясынан айырмашылығы АЭС-тің жұмысына ауа райы жағдайлары әсер етпейді. Бұл тұрақты қуат өндірудің кепілі болып саналады және жаңартылатын энергия көздеріне қосымша тұрақтылық береді.

Бесіншіден, жер ресурстарын үнемдеуде тиімді.

Атом станциялары өте аз аумақты пайдаланып, үлкен көлемде энергия өндіреді. Бұл ауыл шаруашылығы немесе басқа мақсаттарға пайдаланылатын жерлерді үнемдеуге мүмкіндік береді.

Алтыншыдан, экономикалық тиімділігі жоғары.

АЭС салу бастапқыда қомақты қаржыны талап етсе де, ұзақ мерзімде оның тиімділігі зор. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және энергияның өзіндік құнының төмендеуі де экономикалық пайдасын арттырады. Жетіншіден, энергетикалық тапшылықты жояды. АЭС ішкі энергия көздеріне негізделгендіктен, сыртқы энергетикалық ресурстарға деген тәуелділікті азайтады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді.

Атом электр станцияларының артықшылықтары туралы айтқанда оның экологиялық қауіптеріне де назар аудару қажет. Атап айтқанда, радиациялық апаттар қаупі мен радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз сақтау мәселесіне басым ден қойылғаны жөн. Радиоактивті қалдықтарды басқару үшін арнайы технологиялар мен үлкен жауапкершілік қажет. Дүниежүзінде сирек болса да, Чернобыль және Фукусима сынды апаттар АЭС-тің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықтар тудырды. Сондықтан АЭС-тің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаға зиян келтірмеу үшін үздіксіз зерттеулер мен инновациялар қажет.

Түйіндеп айтқанда, егер қауіпсіздік талаптары дұрыс орындалып, радиациялық қауіпсіздік пен экологиялық стандарттар қатаң сақталатын болса, АЭС салу – Қазақстан үшін тиімді шешім бола алады. Бұл жобаның табысты жүзеге асуы еліміздің энергетикалық тәуелсіздігіне, экономикалық дамуына және климаттық өзгерістерге қарсы күреске зор үлес қосады.

Еламан АБЕЖАНОВ,

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің

Жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT