Маңғыстаулық мұнайшылар жалпыұлттық референдум өтуін қолдайды. Бұл туралы Парламент Сенаты депутаттарының қатысуымен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды 24kz.
Шалғай өңірде сенаторлар Бекбол Орынбасаров пен Сүйіндік Алдашев жұмыс сапарымен жүр. Олар «Қаламқас» және «Қаражанбас» секілді ірі кен орындарына барып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Басқосуда елде атом электр станциясын салу жобасының артықшылықтары мен қоршаған ортаға қауіпсіз тұстары талқыланды.
«Қаражанбас» – Маңғыстаудың Бозашы түбегінде орналасқан ірі кәсіпорын. Өндіріс орнында бес мыңдай жұмысшы бар. Өңірдегі мұнай өндірісінің 12%-і, ал Қазақстан бойынша 2,5%-і осы мекемеге тиесілі. «Атап кетерлік жайт, «Қаражанбас» мұнайының құрамында жол битумын өндіруге қажетті шикізат мол. Кен орны өз қызметін тоқтаусыз жалғастыруы үшін энергия қауіпсіздігі аса маңызды. Осы тұрғыдан елімізде атом электр станциясын салу – уақыт талабы», - дейді компания өкілі.
Рүстембек Жайлау, «Қаражанбасмұнай» АҚ Еңбек қорғау және қауіпсіздік бөлімінің бастығы: - АЭС-тің электр энергиясы халықтың әлеуметтік жағдайына, ол біздің экономикамыздың дамуына өте өзінің үлесін қосады деген ойдамын. Өте бізге керек. Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биыл 6 қазанда өтеді. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды. Қазір барлық өңірде халыққа түсіндіру шаралары жүріп жатыр. Сенатор Сүйіндік Алдашевтің пікірінше, референдумның өткізілуі келешек Қазақстанда энергия тапшылығын жоюға бағытталған шаралардың алғы қадамы.
Сүйіндік Алдашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Өткен жылдың қорытындысы бойынша бізде қазір тапшылық сезіліп тұр. 3 млрд киловатт сағатына дейін тапшылық сезіліп тұр. Сол мәселені қалай шешеміз, Мемлекет басшысы осы халықтың референдумға салып, халық қалай өзі шешсін деген мәселе. Сол мәселені бүгін біз мұнайшылардың арасына келіп, талқылап отырмыз. Айта кету керек, Маңғыстауда еліміздегі атом электр станциясы құрылысын қолдау жөніндегі халықтық штаб жұмыс істеп тұр. Оның құрамында саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен энергетика саласының мамандары бар. Бүгінде штаб мүшелері еңбек ұжымдарымен кездесіп, көпшілікті толғандырған сауалдарға тұщымды жауап беріп жүр.