Қызылқоға аудандық сотында, аудандық соттың 2024 жылдың екінші жартыжылдығына арналған медиа-жоспарына сай, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жаңадан қолданысқа енгізілген өзгерістер мен заң нормаларының орындалысын зерделеу және тұрмыстық зорлық-зомбылық заңбұзушылықтарының алдын-алу мақсатында «Зорлық-зомбылыққа қарсы күшейтілген заң талаптарының қолданылуы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелге жергілікті атқарушы органның өкілі ретінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы – А.Ақтаев, Қызылқоға ауданы прокуратурасының прокуроры А.М.Тынышбай, Қызылқоға аудандық полиция бөлімінен жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің басшысы М.Төлеу және учаскелік инспекторлар мен Ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы А.М.Шәкірова, Қызылқоға аудандық білім бөлімінен тәрбие ісі жөніндегі әдіскері А.Ж.Қапезова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұ.Құлшықова, «Қызылқоға» аудандық газетінің тілшісі Б.Бердіғалиев қатынасты.
Шараны сот төрағасы А.Е.Байназаров ашып, бүгінгі шараның қоғамдағы өзекті мәселенің бірі екенін айта келіп, аталған тақырыпта тиісті баяндамасын оқып, үстіміздегі жылдың маусым айында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған жаңа заң қолданысқа енгізілгенін, жаңа заң - әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейтінін, осы заң аясында зорлық-зомбылыққа қарсы жаза да күшейтілгенін айтып, ол бойынша сот тәжірибесінен нақты мысалдар келтіріп, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шара барысында, қатысушылар арасында пікір алмасулар болып, осы тақырыпта сот төрағасына сауалдар жолданып, заң тұрғысынан жауап беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, зорлық-зомбылықтың алдын-алу мәселелері жан-жақты талқыланып, құзырлы органдармен атқарылып жатқан қарқынды жұмыстар туралы кеңінен әңгімеленді.
Шараны сот төрағасы қорытындылай келіп, зорлық-зомбылық мәселесіне мемлекет басшысы баса назар аударып, өзі қатаң қадағалап, тиісті тапсырмалар беріп отырғанын айта келіп, зорлық-зомбылықты болдырмауда, оның алдын алуда насихат жұмыстары маңызды болғандықтан одан әрі жалғастырылатынын тарқатып айтты.
Қызылқоға аудандық соты