АЭС салу - өте маңызды мәселе. Мысал келтірейін, Қазақстандағы электр энергиясын тұтыну көлемі 2023 жылы 115 миллиард кВт/сағат болды. Оның 3,4 млрд. кВт/сағатын сырттан сатып алдық, яғни импорттадық. Қазіргі болжам бойынша егер осылайша қол қусырып отыра берсек, бұл дефицит көлемі жылма-жыл өсе беретіні түсінікті. Қолданыстағы көмірмен жұмыс істеп, әбден тозығы жетіп тұрған жылу электр станцияларының да жағдайы өте мүшкіл.
Сондықтан, олардың энергетикалық қуаты жыл санап төмендеген сайын энергия өндіру көлемі де азая береді. Бұл жерде Қазақстанға төнетін қауіп – мынау. Мысалы, былтыр бізге 3 миллиард кВт/сағаттай энергия импорттауға Ресейдің мүмкіндігі болды. Егер көрші елде де энергия тұтыну көлемі жыл сайын өсіп келе жатқанын ескерсек, келесі жылы Қазақстанға беретін энергияның импорттық көлемін азайтуы да мүмкін. Ондай жағдайда Қазақстан Үкіметі электр жарығын тұтынушыларға сағатпен беру, тіпті кейбір өндіріс ошақтарының жұмысын тоқтату сияқты мәжбүрлі шараларға бару қаупін ескерген жөн.
Тағы бір қауіп – импорттаушы тарап бізге беретін энергияның бағасын қымбаттатуы ықтимал. Оған біз ешқандай тойтарыс бере алмаймыз, сату бағасы жөнінде ұсыныс-талап та қоя алмаймыз. Себебі, кісідегінің кілті – аспанда. Сондықтан, сырттан келетін энергияның бағасы жылма-жыл өздігінен өсе береді деген сөз. Бұған ешкім кепілдік бермейді. Мысалы, былтыр 100 миллиард теңгеге жуық қаржы шығындап сатып алған 3,4 млрд. кВт/сағат энергияның әр кВт/сағатын бізге шамамен 29 теңгеге бұлдапты. Ал, біздің елдегі ең ірі станцияның өнім бағасын алып қараңыз, Екібастұздағы ГРЭС-1 кәсіпорны өндірген энергияның әр кВт/сағатының құны – небары 8,05 теңге ғана. Яғни, импорттық энергия жергілікті өнімнен үш-төрт есе қымбат! Демек осындай қауіптерді жою үшін бізге атом электр станциясы ауадай қажет. Бұл тәсілмен алынатын қуатты Еуроодақ, басқа да халықаралық ұйымдар «жасыл» энергетикаға жататын электр энергиясына теңестірді. АЭС өндірген электр қуаты – базалық электр энергиясы. Ол әлемде солай дәлелденген, пайдалы әсер коэффициенті (ПӘК-КПД) – 90%-ға дейін. Тәулік бойы жұмыс істеп, өнім береді. Бағасы да көмірдің құнындай құбылмалы емес. Оның үстіне ядролық отынды қазір Қазақстанның өзі өндіріп жатыр. Демек АЭС дәстүрлі станцияларға қарағанда, кемінде 60 жыл жұмыс істейді. Қажеттілігіне қарай пайдалану мерзімін 100 жылға дейін созуға болады. Құрылысқа жұмсалған шығын ақталған соң тариф құны да жылма-жыл қымбаттамайды, керісінше тұрақталады.
Әрине, инвестор белгілі бір уақытта өз шығынын өтеп алған соң АЭС толықтай Қазақстанның иелігіне өтеді. Қазір біз пайдаланып отырған отандық электр станцияларының 70% пайызға жуығы көмірмен жұмыс істеп тұр. Өкінішке орай оның жаңасын салу жобасын қаржыландыруға ешкім келіспейді, бұл айдан анық. Бүгінде Еуропа елдері, керек десеңіз, Қытайдың өзі мұндай тиімсіз жобалардан ат-тонын ала қашады. Себебі, Қазақстандағы көмір электр станциялары түгелге жуық өткен ғасырдың 40-50-жылдарында салынған, әбден титықтап тұрған гиганттар – шығыны көп, тиімділігі өте аз.
Қазір мұндай жобаға келісім беріп отырған тек Ресей Федерациясы ғана, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларынан жылу электр станцияларын салып бермекші. Қалай десек те, атом электр станциясының құрылысын салу Қазақстан үшін өте тиімді жоба болғалы тұр.
Қазір Қазақстаннан АЭС салуға төрт үміткер бар, олар – Оңтүстік Корея, Қытай, Франция және Ресей. Референдум өткен соң конкурс жарияланып, соның нәтижесіне байланысты үміткерлер өз ұсыныстарын пысықтайды да, солардың арасынан іріктеледі. Іріктеуде реакторы, қуаты, қауіпсіздігі, мерзімі, т.б. көптеген факторлар жан-жақты сараланады деп ойлаймын. Әлемдік тәжірибеде АЭС құрылысы өте күрделі. Ең басты мәселе – қауіпсіздікке байланысты, бұл тек Қазақстанның құзырындағы шаруа емес. Мұндай күрделі құрылыстың салыну барысын халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік – МАГАТЭ дүние жүзіндегі ең мықты атом мамандары жұмыс істейтін өзінің салалық комитеті арқылы жан-жақты әрі мұқият қадағалап отырады. Олардың қоятын талаптары да қатал. Құрылыс аяқталғаннан кейін де олардың қадағалайтын критерийлері бар.
Қазір әлемде 3 және 3+ буындағы реакторлар ең қауіпсіз құрылғылар деп саналады. Бүгінде осындай реакторлар 30 шақты мемлекетте жұмыс істеп тұр. Күні бүгінге дейін олардың ешқайсысында апатты жағдай болған жоқ. Сондықтан, күмән келтіріп, қауіптену орынсыз деп ойлаймын. статистикалық мәліметі бойынша сағатына өндірілген 1 кВт энергияны өндірістік шығарындылары – 366 грамм. Ал, Францияда бұл көрсеткіш – небары 57 грамм. Сонда салыстырып көріңіз, қайсысы ұтымды?! Қоршаған ортаға зиянын тигізіп отырған Германия ма, Франция ма?.. Оның үстіне былтыр Германияда жаңартатын энергия көздерінен алынған қуат сұранысты өтей алмады. Мысалы, желдің жылдамдығы баяу, күннің көзі аз түсті, тағы да басқа факторлар салдарынан Германия Франциядағы АЭС-тің өнімін импорттап алуға мәжбүр болды. жөн деп ойлаймын. Республика Энергетика министрлігінің қазіргі болжамы бойынша, Қазақстан Республикасының 2035 жылдарға қарайғы энергияға сұранысын 4 блоктан тұратын атом электр станциясы толық өтейді. Қазір еліміздегі энергия тұтыну көлемі 115 миллиард кВт/сағат болса, ол кезде 150 миллиард кВт/сағат болуы межеленіп отыр. Екі энергоблоктың өндірістік қуаты жылына 15-20 млрд. кВт/сағат, оған тағы екі блок қосылса екі есе көбейетіні күмәнсіз.
Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, АЭС құрылысын қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшесі