Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ӘН СЫЙЛАҒАН ӘБДІҒАПАР

Тура бір жыл бұрын Мақат кентінде облысқа белгілі әнші Алтай Сәрсенбаевтың шығармашылық кеші өтті. Сол шарада облыстық Халық шығармашылығы орталығының директоры Жәнібек Аманиязов келесі жылы "Мәдениет саласының үздігі, сазгер Әбдіғапар Темірхановтың шығармашылық кеші өтеді" деген болатын. Содан бері сазгер Әбдіғапар Темірханов та да, оны естіген бізде де тыным болмады. "Қашан, қалай  өтеді екен?" деген сұрақ көкейде қонақтады да тұрды. Ақыры, 7 желтоқсан күні өтетін  Атырау қаласындағы облыстық Халық шығармашылығы орталығында болатын «Сағызым - сазым» атты шығармашылық кешке құстай ұштық. Кешкі сағат 17:00-де басталған ән кешіне Атырау қаласы, Қызылқоға ауданының Сағыз, Мұқыр, Миялы ауылдарынан, көрші Мақат және тағы да басқа аудандардан келген көрермендер аталмыш орталықтың залын лық толтырды.

Жәй толтырып қана қоймай, тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында  тыңдармандарын тәнті еткен "Наурыз" тобының қазақтың саф ауасындай әсем әндеріне саяхаттады.  Жүргізуші  Ұлан Меңдіғазиев өнер сүйер қауымға қош келдіңіздер айтқаннан кейін құттықтау сөз сөйлеген Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Әсия Қыстаубаева кеш иесіне шығармашылық табыс тілеп, ізгі ілтипатпен иығына шапан жауып, өмірлік серігі  Бибігүлге арнайы сыйлық пен гүл шоғын  табыс етті. Бұдан соң, Қызылқоға ауданы әкімінің атынан ізгі тілегін арнаған аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:

- Қызылқоға өңірі өресі биік өнерді қадір тұтқан өлке. Мұнда елімізге танымал сазгер Жәкула Нұрғалиев, Сисенбі Құлмағанбетов, Кәдірбай Жолаев, Қалидолла Ізекенов секілді талантты тұлғалардың шығармалары халық арасында кең тараған. Міне, сондай аға буынның ізгі жолын жалғаған Әбдіғапар ағамыздың шығармалары көңілге көрікті ой ұялатып, сезім пернелерін қозғай түседі. Әркез біз Әбдіғапар Жұмақанұлының әсем әндерін мақтаныш тұтып, жас ұрпаққа ұлағат етеміз. Кеш иесіне  алдағы уақытта да шығармашылық табыс, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз,- деп игі тілегін арнап, кеш иесінің иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.

     Осыдан 59 жыл бұрын Мұқыр ауылында дүниеге келген Әбдіғапар Жұмақанұлы 1991 жылы  Гурьев музыка училищесінің баян сыныбын ( ұстазы Сәтім Әжікенов)  тәмәмдап, Сағыз ауылындағы қазіргі Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінде еңбек жолын бастайды. 1993 жылы ауылдың өнерлі жігіттері мен қыздарының   басын қосып «Наурыз» тобын құрады. 1995 жылы осы топ өнерпаздарының  әсем әндері  жинақталған «Биіктік» атты алғашқы үнтаспасы  тыңдарманға жол тартты. Бұған аталмыш топ жетекшісі Әбдіғапар Темірхановтың сіңірген еңбегі зор. Кейіннен жергілікті ақындардың өлеңдеріне арнап өз әндерін жаза бастаған ол  шығармашылығының ауқымын одан әрі кеңейте түсті.  «Ел іші өнер кеніші» дегендей артынан ерген ауылдың талантты өнерпаздарын қанатының астына алып, бастарын қосып, сахнаға шығарып, шәкірт тәрбиеледі. Солардың бірі  - бүгінде тамаша өнерлерімен танымал болған  «Сағыз» триосы. Ендеше, "Табиғи талантын кәсібилігімен ұштастырған кейіпкеріміздің керемет туындылары  қазақ өнерінің алтын қорына қосылған қымбат қазына болып қала бермек" деп өнер сүйер қауымның баға беруі тегіннен тегін емес екендігі сөзсіз.

 Шығармашылық кеш Әбдіғапар Жұмақанұлының  өмірден ерте кеткен аяулы ақын Салауат Исақаевтың сөзіне жазылып, елімізге кеңінен тараған  «Ата – ана парызы» деген тамаша әнімен   басталды. Бұл әнді кеш иесінің туған бауыры, танымал әнші  Әлібек Темірханов «Жібек жолы» өнер орталығы бишілерімен  (көркемдік жетекшісі Айгерім Құлжаева) бірге тамылжыта шырқап берді. Одан соң, әкенің ізгі жолын жалғастырып, Д.Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясын, Атырау музыка колледжін, Құрманғазы атындағы  қазақ ұлттық консерваториясын  тәмәмдап, бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрген Орынбасар Әбдіғапарұлы әкесінің  ақын  Нұржамал Өтеғұлованың сөзіне жазылған «Перзент үні» әнін орындап берсе, Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әнші – термешісі, республикалық байқаулардың лауреаты  Берік Амантаев ақын  Қошан Дүйсемұратовтың сөзіне жазылған  "Атырау - асыл мекенім",  жезтаңдай әнші Ғибадат Тұрғалиев ақын, ұлағатты ұстаз  Мейрамгүл Аяғанованың сөзіне жазылған «Туған  жер» әндерін тамылжыта шырқап, көрерменнің  ыстық ықыласына бөленді.

 Әлбетте, алдыңғы буын ағалар дәстүрін жалғастырып, әуелете  әуен жазып, халықты әнмен сусындатып жүрген  кейіпкеріміздің қай шығармасы болмасын   тыңдарманға  тамаша көңіл  күй сыйлап, сезім сиқырына баурап әкететіні сөзсіз. Дарынды өнерпаздың дара қолтаңбасына айналған, сағынышқа толы әсем әндерінің бірі - ақын  Нұржамал Өтеғұлованың сөзіне жазылған «Балалық шақ» әні. Осынау тамаша әнді  ару қала Алматыдан арнайы  өнердегі сыйлас ағасының мерейін үстем ету үшін ат арытып келген  Қазақстан  Республикасына Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, танымал әнші Амангүл  Орынбасарқызының (бимен қолпаштаған «Жібек жолы» өнер орталығының бишілері,  көркемдік жетекшісі Айгерім Құлжаева) тамылжыта шырқауы кештің сәнін ажарландыра түсті. Тіпті, ол орындаған  "Ақ жайнақ" әні де көрерменді бір серпілтіп тастады.

Кеш барысында,  "Наурыз" тобының әншісі, Амантай Қабдығалиев (сөзін жазған ақын, журналист Айнахан Есетова)  «Ағалар», Қуаныш Кеңес "Ауылға қайтып келемін" (сөзі Сағи Жиенбаевтікі), Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп гимназия интернатының ұлдар ансамблі, көркемдік жетекшісі Айбол Баймұқатов "Ұстаздарға",  Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншісі, республикалық байқаулардың лауреаты Медет   Қарамырза "Туған күн" (Қос әннің сөзін жазған ақын Қалидолла Ізекен), Салтанат Аяғанова "Сүюді бақыт дейтіннің бәрі" (сөзін жазған Асылзат Арыстанбекова), Зәуреш Жұмағалиева "Қызылқоға құт мекенім»  (сөзін жазған Ақбалжан Айдарова) әндерін, дүлдүл күйші, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері Жәнібек Жәмиев Ә.Темірхановтың  «Көңіл сазы» күйін, әкелерінің шығармашылық кешіне Алматы қаласынан арнайы ат арытып  келген күйеубаласы Қолғанат Бақсиық пен қызы Мәдина Жұмақанова Әбдіғапар Темірханов «Күзгі эллегиясын» орындап, көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.

Кеш жоғарыда айтқанымыздай,  тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жасындай жарқырап, тыңдармандарын тәнті қылған "Наурыз" тобының мүшелері Ғафура Жанбосынова, Мәншүк Мерғалиева, жас әнші Сағыныш Шамұратовалардан құралған трио кеш иесінің ақын, ұстаз Айнагүл Темірболатованың сөзіне жазылған "Сағызым-сазым" әнімен тәмамдалды. Сөйтіп, көңілге көрікті ой ұялатып, облыс жұртшылығына рухани шара сыйлаған сырбаз сазгер  Әбдіғапар Темірхановтың шығармашылық кеші өз мәресіне жетіп, көрермендер "Осындай рухани кештер бола бергей!" деген тілекпен тарқасты.

Бауыржан СИСЕНОВ,

Суреттерді түсірген: Жайлау ТАЛАСОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT