Аудандық Оқушылар үйіне қарасты «Театр әлемі» үйірмесінің оқушылары ауданымыздағы балаларды Оңалту орталығындағы балақайларға және Нұршуақ бөбекжай балалар балабақшасының тәрбиеленуші бүлдіршіндеріне арнайы барып «Ер көжек» музыкалық қойылымын назарына ұсынды.
Мақсат – балалардың рухани дамуына ықпал етіп, өнер арқылы жағымды көңіл күй сыйлау. Қойылым барысында көңілді кейіпкерлер, әсерлі диалогтар мен әсем музыкалық сүйемелдеу көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Балалар қойылымды зор қызығушылықпен тамашалап, кейіпкерлермен бірге күліп, бірге қуанды. Қойылым мазмұны балалардың жас ерекшеліктеріне сай болып, көрермендер тарапынан оң бағасын алды. Оңалту орталығы ұжымы мен Нұршуақ бөбекжай балалар балабақшасы ұжымы «Театр әлемі» аталмыш үйірменің бұл бастамасына жоғары баға беріп, балалардың көңіл күйіне оң әсер еткенін атап өтті. Осындай мәдени іс-шаралар балалардың қиялын дамытып, рухани әлемін байыта түсетіні сөзсіз. Аталған мәдени іс-шара аталған үйірменің жауапты жетекшісі Альмира Байтерекованың жетекшілігімен өткізілді. Алдағы уақытта да аудандық Оқушылар үйі ұжымы тәрбиелік мәні зор мәдени іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Гүлсезім АЙТЖАНОВА,
бұқаралық бөлім меңгерушісі




