Құтырма – жылы қанды жануарлар мен адамдардың жүйке жүйесін зақымдайтын және барлық жағдайда өліммен аяқталатын жедел вирусты жұқпалы ауру.
Бұл дерттің өтуі жүйке жүйесіне ауыр әсерін тигізеді. Өкініштісі сол, науқастың басым бөлігін өлімге әкеледі (100 пайыз). Ауру таратушылар барлық жылы қанды жануарлар - жабайы етқоректі аңдар (қасқыр, түлкі және т.б.), үй жануарлары (ит, мысық, сиыр, жылқы және т.б.) болып табылады. Тістеген кезде жарақаттың сілекейі мен тырнағы арқылы жұғады. Вирус ағзаға енгеннен кейін, алғашқы белгілерінің білінуі 14 күннен 90 күнге дейін, кейде 1 жылдан артық уақытқа созылады. Әсіресе, басты, бетті, мойын, алақан мен саусақтарды тістеу жағдайлары қауіпті. Өйткені мұндай жағдайда клиникалық белгілер аз уақытта пайда болады және аурудың асқынуы жылдам болып келеді. Құтырмамен ауырған адам сауықпайтынын, бірақ антирабиалық егулерді уақытында алу арқылы аурудың алдын алуға болатынын есте сақтау қажет!
Кез келген жануарлардың тістеуі, тырнағы, сілекейінен зардап шеккен адам тез арада сол жердегі дәрігерге көрінуі тиіс. Сырттай дені сау жануар тістеп немесе тырнап алған жағдайда да дәрігерге қаралу керек. Тістеп алған жануарды мал дәрігері 10 күнге бақылауға алады, егер де 10 күн бақылауға алынған жануар сау болатын болса, онда мал дәрігерімен жануардың сау екендігі жөнінде анықтама қағаз беріліп, хирург дәрігерге көрсетіліп, антирабиялық егу курсы тоқтатылады. Жануарды бақылауға алу, барлық жағдайда мүмкін болмағанда (өліп қалған, өлтірілген, қашып кеткен немесе жануардың қожайыны болмаған жағдайда) егу жұмысы құтырмаға қарсы вакцинаның нұсқаулығына сәйкес көрсетілген сызбаға сай жүргізіледі. Алдын алу емі тістегеннен кейін тез арада басталуы шарт. Дәрігер тағайындаған емдеу курсын толық алу қажет, егуді үзуге болмайды.
Себебі, антирабиялық екпе арқылы жануардың тістеуінен зардап шеккен адамның өмірін сақтап қалуға болады. Сонымен қатар, құтырма вирусы жабайы жануарлар арасында айналымда болады. Ауылшаруашылығы малдары мен ит, мысықтарды зақымдайтын жабайы етқоректі жануарлар (қасқыр, түлкі) тамақ іздеу мақсатында елді мекендерге кіру жағдайлары қысқы уақытта жиі кездеседі. Сол себептен ауыл тұрғындары сақ болулары қажет. Үй жануарларын, мысық пен иттерді мүйізді ірі қара, қой ешкі малдарын тістегенде ветеринарлық дәрігерді шақыртып қарату қажет. Үй жануарларының арасында құтыру ауруының алдын алу мен оның таралмауы үшін (ит, мысықты, және үй жануарларын) міндетті түрде құтыру ауруына қарсы егіп, ит пен мысықты ұстау ережесін сақтау қажет. Кез келген жануар тістеген кезде, зардап шегуші міндетті түрде медициналық көмекке жүгінгені абзал.
Н.АМАНИЯЗОВА,
аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің
сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы жетекші маманы
Сурет: ашық дереккөзден