18 қаңтар күні Атырау облыстық жедел-жәрдем стансасының «103» пультіне Қызылқоға ауданы Сағыз ауылынан қоңырау келіп түсті.
Онда үш жасар баланың тыныс алуы жолына тамақтың қалдығы тұрып қалып, баланың тыныс алуы қиындап жатқаны хабарланған. Қоңырауды қабылдаған «103» диспечері Лора Измуратова жедел-жәрдем бригадасының жолға шыққанын айтып, артынша баланың әкесіне телефон арқылы алғашқы көмек көрсету жайлы нұсқаулықтар берген. Ол нұсқаулықта баланың тамағына тұрып қалған бөгде затты мұрын арқылы шығару жолдарын түсіндірген. Нұсқаулықты мұқият орындаған баланың әкесі диспетчердің арқасында баласын қиын жағдайдан құтқарып, диспетчерге өз алғысын жеткізді.
Осы орайда, диспетчер телефон арқылы нсұқаулықты «Қоңырауды ұстап тұру» функциясы арқылы бергенін айта кетейік. Бұл функция жедел-жәрдем бригадасы науқасқа жеткенше телефон арқылы берілетін алғашқы көмек болып есептеледі. Былтырғы жылдың маусым айынан бастап енгізілген аталмыш функция бүгінде өз нәтижесін беріп, көп адамның өмірін кұтқарып қалуда.
Өз тілшіміз