Әлбетте, балалардың дамуы мен тәрбиесінде ата-ананың тигізер рөлі зор. Бұл ретте, балалардың шығармашылығын арттыратын орталықтар мен студиялар, үйірмелер көбейгені көңілге қуаныш ұялтады. Осы тұрғыдан алғанда, аудандық оқушылар үйінің шоқтығы биік.
Небары бес жылдық тарихы бар оқушылар үйінің Ы.Шөреков атындағы мектеп гимназиясы, Б.Аманшин, Ш.Еркінов атындағы, Жаңашаруа, Тасшағыл, Сағыз, №9 орта мектептерінде филиалдары жұмыс жасап, онда 536 оқушы тәрбиеленіп келеді.
- Әр оқушының ішінде тұншыққан қабілетін ашу басты міндетіміз. Балаларды драма, журналистика өнеріне баулып, мәнерлеп оқуын қалыптастыру мақсатында «Драма, тіл өнері», заман талабына сай «Ағылшын тілі», «Жас натуралистер», «Әуе моделдеу, кеме моделдеу, Авиа моделдеу», «Жас техниктер», «Сәндік қолданбалы өнер», «Робототехника», «Бейнелеу өнері», «Әскери-патриоттық», «Ұлттық ойындар», «Туристік-өлкетану» үйірмелері жұмыс жасайды. Бүгінде, үйірме оқушылары мен жетекшілері аудандық, облыстық, республикалық сайыстарға қатысып жүлделі орындарды иемденіп жүр, - дейді аудандық оқушылар үйі директорының міндетін уақытша атқарушы Кенжегүл Қапанова.
Иә, талантты жастардың жасаған туындылары көпті қайран қақтырады. Мәселен, «Мәнерлеп оқу» үйірмесі бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы «Алаш» өнер орталығының Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған Республикалық көркем сөз оқу сайысында «Мәнерлеп оқу» үйірмесінің оқушысы Рауан Сисенғали бас жүлдені иеленсе, аудандық «Үздік қосымша білім беру ұйымы» байқауында аудандық оқушылар үйі І орынды иемденіп, облыстық кезеңнен ІІІ орынға қол жеткізді. Ал, «Qol Oner Dauysy - 2022» байқауында «Ағаш өнері» номинациясы бойынша жас маман Әділет Мырзабек пен оқушысы Жанарыс Жолдығали І орынды, роботатехника үйірмесінің жетекшісі Айтолқын Үмбетованың оқушысы Асылел Аманқос «Robotek Grand Tournament» республикалық турнирінің облыстық кезеңінде «Лабиринт» санаты бойынша І орынды жеңіп алып, республикаға жолдама алды. Бұл жетістіктерге қоса, аудандық оқушылар үйі жазғы каникуль кезінде 200-ден аса оқушыны лагерьмен қамтиды.
- Оқушылар үйінде ғылыми шығармашылық бағытқа бет бұрып жатқан оқушылар жетерлік. Шығармашылық орталыққа оқушы өзінің ынта жігерін, ізденісін, бойындағы қабілетін дамыту үшін келеді. Біз педагог ретінде оқушының сол бойындағы қабілетіне қарай бағыт-бағдар беріп отырамыз. Мұнда қол өнер жұмыстарынын бөлек экология, табиғатқа пайдасы тиер «Жас натуралистер» үйірмесі жұмыс жасайды. Үйірмеде 40-қа жуық оқушы қамтылған. Қызығушылық танытып жүргендер көп. Сол үйірме жетекшісі Гүлдәурен Мирамқызы өзі қолдан оқушыларына заманауи тәсілмен «Эко ойыншықтар» өсірді. Бұл ойыншықтың бірден бір пайдасы бөлмеге таза ауаны таратып, жағымсыз шаң тозаңдарды бойына жинайды. Ол алдымен адам денсаулығына өте пайдалы. Сол арқылы ол облыс көлеміндегі семинарда өзінің жақсы деген бағасын алды. Бұдан бөлек, аталмыш үйірмеде гидорфоника әдісімен шөп өсірілді. Әсіресе, жеріне малға шөп өспейтін қуаңшылық кезінде төрт түлік малға беруге болады. Оны тез семірту үшін 7 күн уақыт кетеді. Бір сөзбен айтқанда, жаңалыққа жаны құмар болашақ ғалымдар тәрбиеленуде деп есептейміз. Сондықтан, әр ата-ана балаларының бос уақытын тиімді пайдаланғысы келсе, біздің шығармашылық орталыққа әкелгендері дұрыс. Бұл әрекет қоғамға да, өздеріне де пайда, - дейді аудандық оқушылар үйінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлсезім Айтжанова.
Ел дамуындағы стратегиялық міндеттерді шешуде білім беру саласына тың жаңалықтар, ұтымды шешімдер енгізу қажеттілігі –заман талабы. Себебі, 21 ғасыр ғылым мен техника ғасыры екендігі баршамызға мәлім. Осындай ауқымды мәселені шешудің негізгі тетіктерінің бірі – балалардың дарындылығын дамыту. Ендеше, осы бағытта ақысыз негізде үздіксіз жұмыс жасап жатқан аудандық оқушылар үйінен дарынды балалар көптеп шыға берсе нұр үстіне нұр емес пе?!
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА