Атырау облыстық Білім беру басқармасының Әдістемелік орталығының жұмыс жоспарына сәйкес, аудандық орталық әдістемеліктің ұйымдастыруымен «Нұр-шуақ» бөбекжай балалар бақшасында облыстық, аудандық мектепке дейінгі ұйымдар арасында «Калейдоскоп – мектеп жасына дейінгі білім беру мазмұнын трансформациялау» тақырыбында тәжірибе алмасу бағытында облыстық семинар болып өтті.
Семинардың ашылу рәсімінде аудандық білім бөлімінің бас маманы Қанат Алпанов сөз сөйлеп жұмыстың нәтижелі де жақсы өтуіне сәттілік тілесе, облыстық білім беру басқармасы Әдістемелік орталығының әдіскері Зухра Кереева:
– Жұмыс жоспарына сай бүгінгі өтіп жатқан шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Семинарға келген әр қатысушы бір-бірімен пікір алмасып, пайдалы мағлұмат алуда. «Нұр-Шуақ» бөбекжай балалар бақшасының меңгерушісі Бағытжамал Жұбаева бастаған ұжымның біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында қазақы ұлттық құндылықтарды дәріптеген тәрбиешілерге алғысымды білдіремін, - деді.
Шарада «Нұр-Шуақ» бөбекжай бақшасының тәрбиешілері А.Бержанова мен И.Құлбаеваның шәкірттерімен сомдаған «Су асты әлемі» қуыршақтар театры өте әсерлі шықса, А.Ағрапова мен Г.Ахметова тәрбиеленушілерімен «Күзгі асар» жәрмеңкесі келген қонақтарды таң қалдырды. Сонымен қатар, аудандағы 12 балабақша ұжымы көрме ұйымдастырып, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүріміздің құндылықтарын көрсетті.
Семинарда педагогтардың жаңартылған бағдарламасы бойынша теориялық әдістемелік білімін жаңғырту, тәжірибе алмасу, тәрбиешілердің кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсат етіліп, теориялық және тәжірибелік бағыты бойынша өткізілді. Онда қатысушылар «7 әуеннің кереметі», «Әкелер мектебінің» қатысуымен «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» шеберлек сағаты, «Дене тәрбиесіндегі ұлттық және замануи спорт ойындары – мәдени мұраны сақтау», «Цифрлық әлемінде қауіпсіз қадам» жобасы, «Сиқырлы суреттер», «Асық ойындарын балабақшада тиімді пайдалану», «Алтын сандық» интеллектуалды ойын, «Ұрпақ – ұлттық ойынмен шыңдалады», «Гольф» ойыны, «Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорын толықтыратын сөзсіз кітап», «Ою-өрнек көңіл-күй сезім тереңдігі», «Ғажайып киіз үй» және тағы да басқа тақырыптарда балабақша тәрбиешілері мен әдіскерлері ойын арқылы баланың танымдық дағдысын дамытуға арналған әдістемелік кейстер өткізіп, қызықты сурет салу әдістерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты.
Семинар қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданып, сұрақ-жауап арқылы пікір алмасу болса, барлық педагогке сертификаттар, тәжірибелік жұмыс көрсеткен педагогтерге Алғыс хаттар табыс етілді.
Сіз не дейсіз?
АСЫҚ БАЛАНЫҢ ОЙ-ӨРІСІН ДАМЫТАДЫ
Бүгінгі семнарға “Заманауий асық ойындарын мектеп жасына дейінгі ұйымдарда тиімді пайдалану” атты тақырыбында зерттеу жұмысымды ұсынып, тәжірибемен бөлістім. Жалпы асықтың пайдасы өте зор. Асықтан қазіргі заманға сай ойындар ойлап табуға болады. Асық ойынының барлық ережесін, қыр- сырларын зерттеп, ізденіспен жұмыс жасап, асықтың түрлерімен ерекшелерін білуге болады. Асық ойыны балаға үйрету арқылы, ұмытылып бара жатқан ұлттық ойынды дәріптейміз. Асықтан неше түрлі заманауи баланың ойын дамытатын дүниелер жасасақ, балалардың асыққа деген қызығушылықтары артар еді. Қарапайым ғана асықты пайдаланып баланың ойын дамытатын неше түрлі ойындар құрастыруға болады. Мысалы, асықтарды түрлі-түстерге бояп, есепшоттар жасатуға болады. Бұл баланың ой-өрісін дамытады. Есепті шығаруға үйретіп, қызығушылығын арттырады. Асық ойындарының тәрбиелік мәні зор. Асық ойыны ептілікке, мергендікке, шапшандыққа, сергектікке тәрбиелейді.
Жаңа заманауи ойындар жасауда қазір сүйек асықтарды табу, әр балаға тауып беру қиындау. Сондықтан қазір асықты өзім қолдан құйып гипстен, пласмассадан, смоладан жасап жатырмын.
Дина БЕКТІЛЕУОВА,
37 “Болашақ” бөбекжай-бақшасының әдіскері,
Атырау қаласы
Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған семинар жоғары дәрежеде өтті. Бала тәрбиесі үнемі назардан тыс қалмауы тисі. Қазіргі таңда баланы таң қалдыру қиын. Бүгінгі семинардан түйгеніміз балаға ойын арқылы көптеген нәрсені ұғындыруға болатынын көріп, әртүрлі бағытта қызықты да ұтымды сабақтардан түрлі әдістерді шебер қолдану арқылы бүлдіршіндердің білімге деген құштарлығы мен қызығушылығын дамытуға болатынын ұқтық. Алдағы уақытта бұл шара жалғасын тапса игі.
Кәмшат ӘБІШ
Суреттерді түсірген автор