Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы жалғасуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бүгінде іріктеу мен дайындықтың барлық кезеңінен өткен азаматтар басшылық лауазымға тағайындалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Облыста жыл басынан бері мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында еңбек ететін 309 педагогтен өтінім қабылданған. Тестілеу нәтижесі бойынша соңғы кезеңге 6 үміткер өтті.
5 кезеңнен сәтті өтіп, басшылық лауазымға тағайындалғандардың бірі – Қайсар Нұртанов. 8 жылдық еңбек өтілі бар тарих пәнінің мұғалімі «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты берілгеннен кейін Ж.Жабаев атындағы №21 мектептің директоры болып тағайындалған.
- Мен бұған дейін №16 мектеп-лицейінде тарих пәні мұғалімі болып жұмыс істедім. Жоба жайлы оқу-ағарту министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан білдім. 2024 жылдың желтоқсан айында мың көшбасшы кадрлық резервінің сертификатын алдым. 9 желтоқсаннан бері жаңа қызметтемін. Жалпы бұл жобаның берері көп деп ойлаймын. Өйткені, қарапайым мұғалім біліктілігі мен тәжірибесін дәлелдей алса, жоғары қызметті атқару мүмкіндігіне ие болады,- деді Қ.Нұртанов.
Айта кетейік, резервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады. Іріктеуден өткен 6 көшбасшы колледж, мектеп, балабақша директоры және басшының орынбасары қызметіне кірісті.
Сәуле МАҒАУ