Мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық өнер құралдары арқылы халық шығармашылығының түрлеріне меңгерту басты міндетіміз. Бұл ретте, ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесі де көңіл қуатарлық. Соның бір жарқын көрінісіндей, Атырау облыстық әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен өткен ұлттық өнерді меңгерген мектеп жасына дейінгі балалар арасында «Өнеріміз саған - Қазақстан» атты облыстық фестиваліне «Жасұлан» бөбекжай - балалар бақшасының мектепалды «Қарлығаш» тобының тәрбиеленушісі Адина Аман қатысып, бағын сынады. Ол А.Қилыбаеваның «Киіз үй» туралы өлеңін мәнерлеп оқып үшінші орынға ие болды.
Сондай-ақ, Атырау облыстық әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен «WorId skills» қозғалысы аясында жүргізілетін «Bаbyskills Аtyrau -2024» чемпионатына 50 тәрбиеленуші қатынасты. Мектеп жасына дейінгі баланың әр түрлі кәсіптер мен қызмет салаларындағы бастапқы дағдыларды игеруін (skills), ерте кәсіптік бағдарлау сынамаларының полигонын құруды көздейтін чемпионатта хореография құзыреттілігіне «Жасұлан» бөбекжай - балалар бақшасынан мектепалды «Күншуақ» тобынан Зерде Ғабит екінші орынға қол жеткізді. Осындай облыс көлемінде өткен шараларға бүлдіршіндерді дайындағаны үшін балабақшамыздың қазақ тілі маманы Жанаргүл Баймұханова үшінші дәрежелі дипломмен, хореограф Лаззат Қапанова сертификатпен марапатталды.Ендеше, аудан мерейін үстем еткен бүлдіршіндерге «Жарайсыңдар!» деп ризашылық сезімдерімізді білдіреміз.
Нұржамал МӘДІҒАЛИЕВА,
«Жасұлан» бөбекжай-балалар
бақшасының әдіскері