Атырау қаласына қарасты Бесікті ауылында балабақша пайдалануға берілді,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова және ауыл тұрғындары қатысты.
- Биыл құрылысы басталған 6 нысанның бірі осы балабақша еді. Кішкентайларымызға бар жағдайды жасауға тырыстық. Бүлдіршіндеріміздің болашағы жарқын болып,нысан елдің игілігіне қызмет етсін,-деді облыс әкімінің орынбасары Д.Шамұратов.
Екі қабатты жаңа ғимаратта асхана, гимнастика және музыка сабағын өткізуге арналған залдар мен жатын бөлмелер бар. Мұндағы ойын және спорт алаңдары жол жүру ережелерін үйретуге арналған алаңқаймен қамтылған. Жаңа нысан толықтай заманауи құралдармен жабдықталған. Тапсырыс беруші - облыстық құрылыс басқармасы. Мердігер мекеме - «ARSM» ЖШС. Қазір балабақшада 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған 4 топ бар. Олардың әрқайсысы 25 орынға есептелген.
- Кезекте тұрған тәрбиенушілер саны жылдан жылға көбеюде. Осы орайда жаңадан беріліп жатқан білім беру ұйымдары бұл мәселені кезең кезеңімен шешуге мүмкіндік береді,- деді қалалық білім бөлімінің басшысы А. Дүйсекенова.
Айта кетейік, жыл соңына дейін 610 орындық 4 мемлекеттік балабақша ашу жоспарланған. Қазір облыста 35 437 баланы қамтитын 337 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді.