Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Бүгін «Арман» мәдениет үйінде жыл қорытындысы бойынша әр салада жемісті еңбек етіп, халыққа сапалы қызмет көрсетуде абырой биігінен көрінген азаматтар «Жыл үздігі-2023» номинациясымен марапатталды.

Шара шымылдығы «Ойыл аруы» бишілер тобының орындауында «Шляпа» биімен ашылған соң құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Аудан бойынша 2023 жылды жақсы жетістіктермен аяқтап келеміз. Биыл көптеген отбасы баспаналы болса, бес округтен спорт кешенінің құрылысы, «Миялы-Шұбарши», «Миялы-Тайсойған» жол құрылысы басталды. Бұған қоса алты елді мекенге газ құбыры құрылысы, тоғыз елді мекенге ауыз су құбыры құрылысы басталды. Мұның барлығы бірлескен жұмыстың нәтижесі. Бүгінгі шара осы жұмыстарға бірге атсалысқан азаматтарды марапаттау, оларға құрмет көрсету үшін ұйымдастырылып отыр. Келер жылымыз құтты болсын! Әрқашанда ауданымыз алға қарай дамып, мерейіміз үстем болсын! - деді.

Бұдан кейін ол аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали Миялы ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Жаубасар Мұқанбетов, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Жылқышы Шәріпов, «Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, спорт саласының ардагері Рахмет Ғалиахметовтерге «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» куәлігін табыстап, төсбелгісін тақса, аудандық ветеринария стансасы директорының орынбасары Қанат Қазиев, Миялы ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкері Дәмегүл Үмбетжанова, «Caspian News» телеарнасының операторы Асылхан Еркін, аудандық «Қызылқоға» газетінің тілшісі Әйгерім Бибозқызы, қоғам белсендісі Ақниет Сарбасбаев, Мәлік Жұмалиевтер аудан әкімінің Алғыс хатымен мадақталды.

Сондай-ақ, мерекелік шарада аудан әкімі Қанат Әзмұханов, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали және аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жәния Ізбасқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосып, ауданымыздың тыныс-тіршілігіне араласып, көмегін тигізіп жүрген әр саланың мамандарына «Жыл үздігі-2023» номинациясын салтанатты түрде табыс етті. Шара барысында, «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары Айбол Сағатұлы, «Арман» квартеті, Зәуре Жұмағалиева, «Нұржановтар» отбасылық ансамблі, «Арман» триосы тамылжыта ән шырқаса, «Ойыл аруы» бишілер тобы «Қара жорға» биін билеп, көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

«Жыл үздігі-2023» номинациясын иеленгендер

«Үздік мемлекеттік қызметші-2023» – Асқар Ақтаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

«Үздік мұғалім-2023» – Шынар Қапезова, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог зерттеуші.

«Үздік дәрігер-2023» – Нұрила Серікова, аудандық аурухананың жалпы практика дәрігері.

«Үздік спортшы-2023» – Нұрболат Ізімғалиев.

«Үздік жаттықтырушы-2023» – Бектұр Тынышқали, Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы.

«Үздік параспортшы-2023» – Абылай Әділбеков.

«Үздік әлеуметтік қызметкер-2023» – Ләззат Жақсылықова, жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесінің логопед-дефектолог маманы.

«Үздік су шаруашылығы қызметкері-2023» – Иманқожа Ешекенов, Қызылқоға өндірістік учаскесінің «Индер-Миялы» топтық су құбырын жөндеу және қызмет көрсету электромонтері.

«Үздік пошта қызметкері-2023» – Надежда Өтешова, аудандық пошта байланыс торабының операторы.

«Үздік депутат-2023» – Есенбай Нұров, аудандық мәслихат депутаты.

«Үздік мәдениет қызметкері-2023» – Айкөркем Тайлыбекова, аудандық орталық кітапхананың бірыңғай қорларды ұйымдастыру және пайдалану бөлімінің кітапханашысы

. «Үздік өрт сөндірушісі-2023» – Наурызбек Қанат, аудандық №10 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші.

«Үздік полицей-2023» – Ақниет Төкенов, аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы.

«Үздік тәрбиеші-2023» – Әсия Телманова, «Жасұлан» балабақшасының тәрбиешісі.

«Үздік теміржолшы -2023» – Қайырбек Бектілеуов, Сағыз темір жол стансасындағы жылжымалы құрамды жөндеу слесары.

«Үздік мұнайшы-2023» – Сержан Нұралин, «СағызПетролеумКомпаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұнай және газ өндіру операторы.

«Үздік электромонтер-2023» – Амандық Берсінғалиев, Қоныстану ауылы №36 подстансасының электромонтері,

«Қызмет көрсету үздігі-2023» – Ләйлә Жұмағалиева, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жетекші маманы.

«Үздік кәсіпкер-2023» – Ақболат Құсанов, жеке кәсіпкер.

«Қоғамдық кеңес үздігі-2023» – Жүсіп Әбдіғали, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі.

«Үздік тілші-2023» – Гүлбаушан Қабидолла, «Caspian News» телеарнасының Қызылқоға ауданы бойынша тілшісі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521