Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ

Кеше Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Демеуберген Ратбек арнайы іссапармен ауданға келді деп хабарлайды Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ол аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғалимен бірге ауданға қарасты ауылдық округтер мен Ақтөбе облысымен шекаралас аумақтарды аралап, тасқын су деңгейіне бақылау жұмыстарын жүргізді. Бақылау нәтижесінде, Ойыл өзенінің деңгейі тұрақты екені және өз арнасымен ағып жатқаны анықталды.

"Су тасқынына қатысты жағдай тұрақты, алайда бұл бағыттағы мониторинг жұмыстары алдағы уақытта да қатаң бақылауда болады" дейді аталмыш мамандар.

6500 ҚАПҚА ҚҰМ САЛЫНДЫ

Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының №5546 әскери бөлімінен арнайы жіберілген 60 жауынгер мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінен келген 34 маман құм қаптау жұмыстарын жүргізуде. Қызылқоға ауданы баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, олар аудан іргесіндегі көпір маңындағы бөгеттерді нығайту жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Сарбаздардың бір тобы қаптарға құм толтырса, екіншілері дайын қаптарды жаға бойына бекітіп, қорғаныс шараларын күшейтуде. Бүгінгі таңда барлығы 6500 қапқа құм салынып, су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар жергілікті билік пен құзырлы органдардың қатаң бақылауында.

КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗДЫ

Аудан аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынды. Қызылқоға ауданы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ауданымызда мұнай барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан «ЕмбіМұнайГаз» акционерлік қоғамынан арнайы көмек ретінде 1 гидромек, 1 КамАЗ самосвал және 1 Урал вахтовка техникасы жеткізілді. Аталған техникалардың ішінен 1 гидромек пен 1 КамАЗ ауданға қарасты Көздіғара ауылдық округіне жөнелтіліп, ондағы бөгеттердің осал тұстарын бекіту жұмыстарына кіріскен. Бұл шаралар су тасқыны қаупін азайтуға және ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, ауданға қарасты Ойыл ауылдық округінің Аққора елді мекеніне аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің 1 погрузчигі жіберілді. Бұл техника да тасқын судың алдын алу жұмыстарын атқаруға жұмылдырылып отыр. Аудан аумағында табиғи апаттардың алдын алу шаралары күн тәртібінен түспек емес. Төтенше жағдайдың алдын алу шаралары әрі қарай жалғасады.

Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT