Бүгін «Бақыт» мейрамханасында «Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа үлгі» тақырыбында тағылымды шара өтті.
Ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық тәрбие туралы түсінік беру, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты үйрену және құрметтеу мақсатында өткен бұл шара аталмыш қауымдастықтың бір жылдық есебі ретінде ұйымдастырылды.
Онда алғаш сөз сөйлеген аудандық әжелер алқасының төрайымы, «Дәстүр» алаңының жетекшісі Бақытжан (Бағыт) Нығмет:
– Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі, салт-дәстүрі, діні, тілі болатыны белгілі. Бұл ретте қазақ халқының да құрсақ шашу, жарыс қазан, шілдехана, баланы қырқынан шығару, тұсау кесер, сүндет той, тоқым қағар және тағы басқа да салт-дәстүрі бар. Мұның барлығы да тұнып тұрған ғылым. Мәселен, бала анасының құрсағында жатқанда жасалатын құрсақ шашу дәстүрі ананың құрсағындағы баланың аман-есен, дені сау болып туылуын тілеудің бір түрі болса, жарыс қазан – аяғы ауыр әйелдің қиналмай босануы үшін жасалатын ырым. Міне, осы секілді әрбір ырымның мән-мағынасы бар. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей ата-ана міндеті – саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл орайда салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше, - деді.
Бұдан кейін әжелер баланы қырқынан шығару, тұсау кесу, бесікке салу, құрсақ шашу ырымдарына түсінік беріп, қауымдастықтың әнұранын орындады. Шара барысында «Елсана» руханият-патриоттық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы Қайырбек Баймұратов ұлттық құндылықтарды насихаттап, салт-дәстүрімізді, елдік руханиятымызды дәріптеп жүрген «Бабалар алқасы» ақылдастар алқасының жетекшісі Өтеуғали Дүйсәлі, «Көкжал » батырлар алаңының жетекшісі Есенбай Нұров, «Инабат» аналар алаңының жетекшісі Анар Арыстанғалиева, «Дәстүр» алаңының жетекшісі Бақытжан (Бағыт) Нығметтерге Алғыс хат табыс етсе, аталмыш қауымдастықтың бір жылдың ішінде атқарған жұмыстары туралы бейнебаян көрсетілді.
Бауыржан ОҚАСҰЛЫ