Сейсенбі күні облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев ауданға арнайы іссапармен келіп, аудан тұрғындарымен кездесті. «Арман» мәдениет үйінде ұйымдастырылған кездесуге облыстық, аудандық жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер, мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Мәжілісті аудан әкімі Қанат Әзмұханов ашып, жүргізіп отырды. «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асырып, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру және өңірдегі өзекті мәселелерді анықтау мақсатында өткен кездесуде облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев:
– Қай жерде жұмыс жасасам да алдымен өңірлерді аралап, әр аудан тұрғынының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, түйткілді мәселелері мен сұрақтарын заңды түрде шешу жолдарын қарастырамын. Сол кезде көп көтеретін мәселе әлеуметтік жағдайға байланысты болып келеді. Оның ішінде, прокуратураның құзырына жатпайтын мәселелер жиі кездеседі. Сондықтан облыс әкіміне ұсыныс жасап, құрамында облыстағы барлық мемлекеттік органның өкілдері бар жұмыс тобын құрып, осы топтың жұмысын қадағалайтын басқарма аштық. Оған облыстағы барлық мемлекеттік органның бірінші басшылары кірді. Бүгін осы жұмыс тобының мүшелерімен бірге арнайы Қызылқоға ауданына іссапармен келіп отырмын. Кездесуде көтерген мәселелер мүмкіндігінше осы жерде шешіліп, жауабы беріледі. Ал егер қосымша тексеруді немесе қаржыландыруды талап ететін мәселе болса оны жазып аламыз. Одан әрі әр тұрғынның және өңірдің мәселелері бойынша тізім жасалынып, облыс әкімдігімен «Жол картасы» әзірленетін болады. Оған енгізілген мәселелер өз шешімін тапқанша облыс прокуратурасы мен облыс әкімдігінің бақылауында тұрады, - деді.
Аса ауыр қылмыс азаймай тұр Бұдан кейін биылғы атқарған жұмыстарын баяндаған аудан прокуроры Досбол Бағытжановтың мәлімдеуінше, аудандағы қылмыс деңгейі тоғыз айда 40 пайызға (64-тен 39-ға) төмендеді. Оның ішінде, онша ауыр емес қылмыстар 71 пайызға, ауыр қылмыстар 40 пайызға, ұрлық 60 пайызға, бұзақылық 50 пайызға төмендесе, аса ауыр қылмыстар мен ауырлығы орташа қылмыстардың тіркелуі өскен. Осындай криминогендік динамиканың қалыптасуына Сағыз ауылындағы қылмыстық ахуал тікелей әсер етіп отыр. Өйткені соңғы бес жылда ауданда сегіз адам өлтіру дерегі орын алса, оның бесеуі Сағыз ауылында тіркелген. Аудан прокуратурасы кримогендік жағдайды тұрақтандыру мақсатында мүдделі органдардың өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомоствоаралық кеңес отырысын өткізіп, облыс және аудан әкімінің атына заң бұзушылықты жою туралы қадағалау актілері енгізіліп, қызметтік хат жолданды.
Нәтижесінде Сағыз ауылының көшелеріне 45 миллион теңгеге 57 бейнебақылау камерасы орнатылса, 160 миллион теңгеге жаңадан полиция ғимараты сатып алынып, пайдалануға берілді. Қоғамдық мүдделерді қорғау саласында 16 тексеру мен талдау жүргізіліп, 81 заң бұзушылық анықталып, 859 азаматтың конституциялық құқығы қорғалса, 11 тұлға тәртіптік, 9 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 983 000 теңгенің әкімшілік айыппұлымен бірге, бюджет кірісіне 10 миллион теңге өндірілді. Құны 68 миллион теңге болатын мүлік (пайдаланылмаған жер учаскесі) қайтарылды.
Ал, талдау нәтижесінде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтердің негізсіз бекітілгені анықталып, аудандық мәслихаттың шешіміне наразылық енгізілді. Қадағалау актісімен жалақыны субсидиялау мерзімін үш жылға дейін ұзарту арқылы 11 кәсіпкердің құқығы қорғалды. «Атырау-Ақтөбе» тас жолында орналасқан арнайы техникалық құралдарының қызметі талданып, «Трафик Сканер» жылдамдық өлшеуіш құралында көліктің рұқсат етілген жүру жылдамдығы сағатына 100 шақырымнан 90 шақырымға негізсіз төмендетілгені анықталды. Салдарынан автокөлік жылдамдығын асырмаған азаматтарға қатысты облыстық полиция департаментінде заңсыз тіркелген 359 нұсқаманың күші жойылды. Мемлекеттiк сатып алу саласында заңнама талаптарын бұзған тоғыз лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әкімшілік айыппұл өндірілді.
– Алименттерді өндіріп алу бойынша атқарушылық іс жүргізулердің заңдылығы аудан прокуратурасы тарапынан тұрақты түрде қадағалануда. Бүгінгі күні бес борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардан 8,3 миллион теңге алимент берешегіне және мемлекет пайдасына 1,2 миллион теңге өндірілді. Қадағалау аумағында пробация есебіне тіркелген 37 адамның 35-і жұмыспен қамтылған. Биыл пробация қызметіне жүргізілген екі тексерудің қорытындысымен екі қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Міндетті әлеуметтік көмекті қажет ететін пробация есебіндегі тұлғаларды анықтауға апта сайын рейдтік іс-шаралар өткізудің нәтижесінде 32 тұлғаға психологиялық, медициналық, әлеуметтік көмек түрлері көрсетілді. Қазіргі таңда пробация есебіндегі тұлғалармен қайталама қылмыс жасау дерегіне жол берілмеді, - дейді аудан прокуроры Досбол Бағытжанов.
Көп нәрсе түсініксіз...
Баяндамадан соң ұсыныс-пікірлер мен сұрақтарға кезек берілді. Алдымен мінбеге көтерілген Миялы ауылының тұрғыны Айжан Ізімова: "Миялы ауылында 2023 жылы басталған жаяу жүргіншілер жолы жобаға түзетулер енгізілуіне байланысты әлі аяқталған жоқ. Қашан бітетіні белгісіз. Сондықтан осы мәселеге араласып, шешіп бергеніңіз жөн." деген пікірін білдірді. Бұл мәселе туралы облыс прокуроры тиісті мекеме басшыларынан нақтылап сұрады. Осыған байланысты түсінік берген аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаровтың айтуынша, 2021 жылы Миялы ауылішілік 21 шақырым жолға жобалық-сметалық құжат жасақталып, 2023 жылы конкурс өтіп, "Қарасай құрылыс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз атанып, жұмысын бастаған. Жоба бойынша биылғы қыркүйекте біту керек. Жалпы құны - 2 миллиард 837 миллион теңге. 2023 жылы 307 миллион теңге бөлініп, толықтай игерілсе, 2024 жылы 600 миллион теңге бөлініп, 300 миллион теңгесі игерілген. Биыл 1 миллиард теңге бөлініп, оның 281 миллион 955 теңгесі игерілген. Кезінде кейбір газ, су желілері жобаға енгізілмеген. Соған сай, қазір жобаға өзгерту жұмыстары жүргізілуде. Мамандар жауабын мұқият тыңдаған облыс прокуроры біраз сұраққа жауап іздеді. Өйткені, аталған тұрғынның сұрағы жаяу жүргіншілер жолының қашан бітетіндігіне бағытталды. Әйтсе де, тиісті бөлім басшысы ауылішілік жолдар бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Сондықтан болуы керек ол:
«Жұмыс басталғанына үш жыл болған. Тиісті қаражат бөлініп жатыр. Бірақ, іс аяқталуға тақалған кезде жобаға өзгеріс енгізілген. Оған қандай негіз бар? Бұл жерде көп нәрсе түсініксіз. Сол себепті, аудан прокурорына бұл мәселені толық тексеріп, баяндауды тапсырамын» деп сөзін нықтай түсті.
Қатаң бақылау қажет Миялы ауылының тұрғыны Амангелді Қалиев «Өткен жылдан бері ауыл ішінде жүргізіліп жатқан жазғы су құбырының қазылған шұңқыры көмілмей жатыр. Ертең қардың астында қалса адам өміріне қауіп төндіреді. Салынып жатқан ауылішілік жолдардың қақ ортасында ауыз су құбырының құдығы бар. Бұл жұмыстар қалай жүргізілген? Жалпы ауданда салынып жатқан құрылыс жұмыстарына қатаң бақылау қажет. Тағы бір айта кетер жайт, қазір бұрынғыдай бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржының 50 пайызы берілмейді. Бұл ретте келісілген пайызбен алып береміз дейтін делдалдар көбейіп тұр. Бұл қаншалықты заңды?» деген сұрақ қойды. Оған облыс прокуроры «Қазылған су құбырының шұңқырын тексеріп, шарасын алуды аудан прокурорына тапсырамын. Негізі мәселелерді қоғам болып бірлесіп көтерген дұрыс. Сонымен бірге, құрылыс жұмысы біткеннен кейін айтқаннан гөрі, құрылыс жұмысы жүріп жатқанда көтерген жөн. Сол кезде ақауды түзетуге жеңіл болады.
"Зейнетақы қорындағы жиналған ақшаны алып беремін" деушілердің әрекеті заңсыз. Ал заңсыз әрекет жазасыз қалмайды. Сондықтан ондай қадамға бармаған жөн. Жинақталған зейнетақыны заңды түрде алудың жолдары бар. Бұл туралы кездесуден кейін облыстық еңбек инспекциясы департаментінің өкілі түсіндіреді» деп жауап берді. Кәріз құдығы тексеріледі Ал, «Ақниет» қоғамдық бірлестігінің Қызылқоға ауданы бойынша филиалының төрайымы Нәзира Бердіғалиева:
– Мемлекеттік сатып алу арқылы берілген тұрғын үйлердің кәріз құдығында ақау көп. Өйткені пайдаланып отырғанына екі-үш жыл өтсе де көптеген үйдің кәріз құдығы лас суға толмайды. Бұл дегеніңіз құдықтың түбі дұрыс шегенделмегенін білдіреді. Биыл тапсырылған үш қатарлы алпыс пәтерліктің тазалығын, басқа да қажетті жағдайларын реттеу үшін пәтер иелері кооперативі (КСК) құрылса игі. Сонымен қатар ерекше балаларды ортаға бейімдеп, өз қабілеттерін таныту үшін тиісті жұмыс атқарылғаны жөн, - деген пікірін білдірді.
Оның пікірін қолдаған облыс прокуроры «Кәріз құдығы туралы мәселе бойынша облыстық табиғат қорғау прокурорына тапсырма беріліп, тексеріледі. Пәтер иелері кооперативін құру және ерекше балаларды ортаға бейімдеу жергілікті жерден шешіледі. Жалпы ерекше балалардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнатып, балаларға ерекше көңіл бөлу қажет» деді. Жер малы көп адамға берілу керек Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны, «Бейбарыс» шаруа қожалығының төрағасы Манас Бердіғалиев «Қожалықта 1000 гектар жерім бар. Мал басының көбеюіне байланысты тағы да 1000 гектар жер сұрап, конкурсқа түскен едім. Бірақ конкурс өткізген комиссияның шешімімен жер басқа адамға берілді. Білгім келетіні не себептен маған берілген жоқ?» деп комиссия шешіміне риза еместігін алға тартты.
– Егер комиссияның шешіміне келіспесеңіз сотқа шағымдануыңыз қажет. Негізі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жер мал шаруашылығымен айналысып жатқан адамға берілуі керек. Бірақ сіздің айтуыңызша жер малы жоқ адамға берілген. Бұл жерде қаншалықты заң талаптары сақталды? Сондықтан кездесуден кейін сізді аудан прокуроры қабылдап, заңдылықты түсіндіреді, - деп жауап берді облыс прокуроры.
Қылмыстың көбі - Сағызда Кездесуде аудандағы қылмыс деңгейіне талдау жасаған облыс прокуроры:
– Жалпы ауданда қылмыс деңгейі 40 пайызға азайғанымен, аса ауыр қылмыс 100 пайызға, интернет алаяқтығы 75 пайызға, кәмелеттік жасқа толмағандармен жасалған қылмыс 50 пайызға өсіп отыр. Соңғы 15 жылда жеке адамдарға қатысты қылмыстың ең көбі Сағыз ауылында тіркелген. Биыл тіркелген 39 қылмыстың 14-і, яғни 40 пайызы тағы да сол ауылда орын алған. Ондағы ауыл-ауыл болып бөлініп төбелесу өткен ғасырдың 80-шы жылдарынан бастау алған екен. Сол жылдары дүниеге келгендер қазіргі уақытта 30- 40 жасқа иек артқан жігіттер. Өкінішке орай, олар қарулы қақтығыстарға қатысуын әлі де тоқтатар емес. Бұл идеологиялық тұрғыда жастардың санасына әбден сіңіп кеткен. Сондықтан қазір олар да алдыңғы аға буынның ізін жалғастырып келеді. Бұл тұрғыда полиция органдары қылмысқа қарсы күресуде енжарлық танытып, әрекетсіздік білдіріп отыр. Сондықтан, аудан прокурорына орын алған әрбір қылмыстың себебін зерделеп, уәкілетті органдарды жұмылдырып, оны болдырмауға нақты шараларды жүзеге асыруды тапсырамын, - деді.
Құзырлы органға - бірнеше тапсырма Бұған қоса, ол бірнеше құзырлы органға тапсырма берді. Нақтырақ айтқанда, облыстық полиция департаменті мен аудандық полиция бөліміне кримогендік жағдай орын алатын аймақтарда тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізу керек. Аудан әкімдігі ауыл ақсақалдарымен бірлесіп, жастар арасында идеологиялық жұмыстар жүргізіп, ауылдарға қажетті инфрақұрылым мен бейнебақылау арқылы нақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс. Аудан прокуроры ауданда су басу қаупі бар ауылдық округтердегі бөгеттерді нығайту, Ойыл, Ноғайты өзендерін тазарту және тереңдету, «Ералы» су торабын реконструкциялау, «Тайсойған-Миялы» топтық және «Кереген-Сағыз-Жамансор» су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарын қадағалап, Жамансор ауылында салынып жатқан мектеп, «Миялы-Тайсойған», «Миялы-Сағыз» және елді мекендердегі ауылішілік тас жол, мемлекеттік сатып алу арқылы сатып алынған тұрғын үй құрылыс жұмыстарының уақытылы әрі сапалы аяқталуын қадағалап, бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын үнемі бақылап отыруы қажет. Кездесуден соң мәдениет үйінің фойесінде жұмыс тобы аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдап, заңдылық тұрғысынан түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ


