Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

АЙДАЛАДАН АУЫЗ СУ ТАРТҚАН РАС ПА?

Халықпен неге ақылдаспайды?

Жақында, әлеуметтік желіде Алтынбек Орынғалиұлының: «Мен өзім Сағыздан 25 шақырым жерде Былқылдақты ауылында дүниеге келгенмін. Ауылым десе әліде шыр-пыр болып тұрамын. Бүгінгі таңда осы азғантай үй ауылыма көгілдір отын (газ) тартылған. Тамаша, өте жақсы. Ал бірақ, судыңда тек аты бар, заты жоқ құбыр тартылған. Әрине бұның бәрі мемлекеттің қаржысына, сіз бен біздің салығымыздан түскен ақшаға жасалады. Біздің ауылдың іргесінен тұп-тұщы бұлақ шығып жатыр, қай жерін қазсаңда тұщы су, ал мына парадоксты қараңыз, сол судан бас тартып, Шолақсай деген жердің қасынан ұңғыма қазып, жобамен 10 шақырым, ол ащы су, соны ауылға әкелген, оған суды тұщытатын қондырғы салған, біреуі де жасамайды. Оданда сол ауылдың әр үйінен ұңғыма қазып берсе халықта риза, бюджет ақшасынада үнем болар еді. Себебі ауыл тұрғындары сол су құдығын, ұңғыманы үй аулаларынан өз қаражаттарына қаздырып алуда. Неге бір нәрсе жасарда халықпен ақылдаспайды. Жергілікті Сағыз ауылдық округінің әкімі, Қызылқоға ауданының әкімдігіқайда қарап отыр? Алдағы уақытта бұйырса фото, видеомен толық ақпарат саламын. Жасаған мекемеде, тапсырыс берген әкімшілікте халыққа жауап берсін, талап етемін.» деген дабыл қағарлық  пікірін жариялаған еді. Расында да, өте өзекті әрі сауатсыздықпен жасалған іс десе болғандай. Себебі, біз бұл мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп, зерттей түсу мақсатында тиісті мекемелерге хабарласып арнайы хат жаздық. Жауапты бөлім басшыларының да жауабын алдық. 

Кешенді блок-модульдер орнатылған

Осы ретте, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрбек Қияқбаев:«2023 жылы  тұрғындарды жүз пайыз таза ауыз сумен қамту мақсатында Шолақсай елді мекенінің маңынан Былқылдақты елді мекеніне су тартылған. Су құбыры желісінің ұзындығы 10660 метр полиэтилен материалды құбырымен жүргізілді. Ең жоғары тәуліктік су тұтыну мүмкіншілігінің көлемі – 7,74 метр куб. Су құбыры жабдықтары екі дана бірінші көтерімді насосты станциясы және бір дана екінші көтерімді блок-модулді тазалау насосты станциясымен жарақталған. Бір дана су тарату колонкасы орнатылған.» деп жауап берсе, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаров былай дейді:
«Аудан көлеміндегі елді мекендерге 322,17 километр магистралды және 443,603 километр ауыл ішілік су желісі арқылы ауыз су беріліп отыр. Халықпен шаққанда 99,7 пайызы  орталықтандырылған ауыз су құбыры арқылы қамтылып келеді. Былқылдақты, Кенбай, Сарқұмақ, Соркөл, Тасқұдық елді мекендерінде су құбыры желілерінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Аталған нысандар бойынша, елді мекендерді сумен жабдықтау үшін кешенді блок-модульдер орнатылған. Қалған екі елді мекенде, яғни Қоғам елді мекенінде ауылішілік су құрылысын қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Аққора елді мекені бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Алайда, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан «Тайсойған-Миялы» магистралды су құбыры желісіне қосу жоспарланғандықтан қолданысқа берілген жоқ. Аудан көлеміндегі елді мекендерді толықтай ауыз сумен қамту бағытында қазіргі уақытта «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырын жаңғырту жұмыстары, Кереген шатқалындағы жер асты суларына жаңадан 4 ұңғыманың құрылысына жобалық сметалық құжаттама дайындалып, «Тайсойған-Миялы» магистралды су құбырының құрылыс жұмыстары жасақталуда»

Жайқалған саябақ 

Жауапты мамандардың мәліметін қолға ұстап, су шаруашылығының маманы, көп жыл Кереген-Сағыз-Жамансор су құбырларын жүргізуге атсалысқан, «Теміржол Жылу Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Ноғайты-Сағыз-Жамансор су бөлімшелерінің телім бастығы қызметін атқарған  Мұрат Көптілеуов екеуміз 12 қыркүйек күні көзбен көріп шықтық. Расында, көрер көзге көз сүйсінерліктей ұңғыма қазып, Шолақсай елді мекенінің  маңынан құбыр тартып, суды тұщытатын қондырғы салып,  жан-жағын әдемілеп қоршап қойыпты. Ғимарат құлыптаулы. Маңайында жөн сұрасатын бір адам жоқ. Сонда халыққа қалай су беріп жүр деген ойға қалдық. Былқылдақты елді мекені тұрғындарын сөзге тартқанымызда: «Ауыз су құбырларын үйге дейін жеткізіп қойды ғой. Оның игілігін көріп жатқан ешкім жоқ-ау» дегеннен әрі аспады. Сөйтсек, жергілікті халық өздерінің  үйлеріне өз күштерімен құдық қазып алып, ауыз суға пайдаланып, малдарында содан суарып отыр. Ал, ауылдың іргесіндегі суы  тұп-тұщы бұлақтан үйір-үйірімен жылқы су ішіп тұр. 2017 жылы жоғарыда айтқан Мұрат Көптілеуов ақын, жыршы, әнші Зәкария Сағындықұлы атында саябақ салып, ішіне жүзден аса тал-терек, жеміс ағаштарын егіп еді. Сол кезде аудан басшыларымен бірге жан-жақтан келген  игі жақсылар әлгі бұлақтың суынан дәм татып, тұщылығына куә болған-ды. Одан бері де қаншама адам бұлақ суының тұп-тұщы екендігіне көз жеткізді. Бүгінде сол егілген тал-терек, жеміс ағаштары жайқалып тұр. Саябақтағы тал-терек, жеміс ағаштарының жайқалып өсіп тұруы сол бұлақтың тұп-тұщы суын тиімді пайдалана білген Мұраттай азаматтың арқасы екендігі сөзсіз. Соны біліп, көзбен көре тұра атқа мінерлердің  айдаладан ащы су тартқаны көңілге кірбің ұялатады. 


Су беру көрсеткіші 550-600 куб жобасында


-    Былқылдақтыдағы балбұлақ Атырау облысында табиғи  тұщы су көзі болып табылатын бірден-бір ашық су бассейіні. Бұл туралы бірнеше рет аудан басшыларына ескертілді.  Бірақ әлі күнге дейін аудан, округ басшылары тарапынан осы ауыз су көзіне деген қамқорлық болмай отыр. Мен білетін «Теміржол Жылу Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Ноғайты су бөлімшесінің  меншігіндегі "Қырдасын" ауыз су көзін елге жеткізуге аталмыш темір жол мекемесі арқылы іске асырылды. Балбұлақтың табиғи ашық ауыз су көзі екендігіне, химиялық, биологиялық сынамаларының сараптамалық қорытындысының ауыз  су ретінде пайдалануға болатындығына талай көз жеткіздік. Қаншама мал ішіп жатса да тәуліктік су беру көрсеткіші 550-600 куб жобасында.  Бұл су көлемі жоғарыда айтқан "Қырдасын" ауыз су көзінің тәуліктік көрсеткішімен бірдей. Өкініштісі сол -  ешқандай энергия көзін, ұңғымалық насостар, адам күшін қажет етпейтін,  өздігінен ағып жатқан суды халық өз дәрежесінде пайдаланбай отыр. Сондықтан, балбұлақтың айналасын мал кірмейтіндей қоршап, ауыз су ретінде пайдаланып, халықтың игілігіне жаратса керемет емес пе, - дейді  су шаруашылығының маманы  Мұрат Көптілеуов. 

Бұлақ көрсең  көзін аш....

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Біз соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық. Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оған үстіртін қарамау керек. Осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет. Осыған орай кәсіби кадрларды дайындау керек, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет. Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде. Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ.» деген болатын. Демек,  «Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде» деген Мемлекет басшысының сөзі осындай олқылықтардың салдарына айтылса керек. Одан да жергілікті басшылар халықпен ақылдаса отырып, «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қағиданы басшылыққа алып, табиғи өнімі мол тұщы су көзін халықтың игілігіне жаратса, кәнекей! Жергілікті халық дабыл қағып отырған Былқылдақты елді мекеніне тартылған ауыз суды құзырлы органдар назарға алып,  бұлақтың суын жергілікті басшылар тиімді пайдалану жағын қарастыруды қолға алса игі. Бұл ретте Мемлекет басшысының жоғарыда айтқан Жолдауда айтылған:  «Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек.Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады.Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады.Осы жұмыс Ұлттық су теңгерімін (баланс) қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі.Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес.Су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысы баяу жүруде, нақты нәтиже әлі жоқ.» деген тапсырмасының мүлтіксіз орындалуы бағытында жүйелі түрде жұмыстар жүруі керек деп есептеймін. 

Бауыржан АМАНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT