Сәуір айының басынан бастап тасыған Ойыл өзені қазіргі таңда арнасынан асып, күн сайын көтерілуде.
Әсіресе, соңғы екі күнде күрт көтеріліп, Миялы ауылының маңын қоршай бастады. 5 сәуір күні «Кенен» көпірінде судың мөлшері 2,80 метр болса кешеден бері 3 метрден асып кетті. Бүгінде көпірдің екі жағына шыққан су біраз жерге жайылуда. Осы орайда, аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар бөлімі мал бағып немесе жоқ іздеп жүрген жандарды сақ болуға шақырады.
Тасқын су бүгін аудан орталығы сыртындағы айналма жолға қауіп төндіргендіктен таңғы сағат 10-нан бастап төтенше жағдайға жауапты мекемелер мен еріктілер тасқын сумен күресуде. Олар айналма жолды айналдыра құм толы қапшықтар қойып, қосымша тракторлар асфальтті биіктетуде. Осы орайда, аудан халқын тасқын сумен күресте жұмыла жұмыс жасауға шақырамыз.