Жақында «Арман» мәдениет үйінде аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының ұйымдастыруымен білім және ғылым саласының көркемөнерпаздық шығырмашылықпен айналысатын дарынды қызметкерлерін анықтап, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін ұштау, кәсіподақ ұйымдарының беделі мен шығармашылық белсенділігін арттыру мақсатында «Егеменді еліміздің еңселі ұстаздары» атты көркемөнерпаздар фестивалі болып өтті.
Оған жиырмаға жуық үміткер қатысып, дәстүрлі ән, хореографиялық өнер, эстрадалық ән номинациялары бойынша сынға түсті. Онда өнерлі педагогтар жас ерекшелігіне қарамастан тамылжыта ән шырқап, мың бұрала би билеп көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады.
Нәтижесінде, дәстүрлі ән жанры бойынша Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Қайрат Сағиев І орынды иемденсе, №2 орта мектеп мұғалімі Гүлнар Зайрова ІІ орынды, №9 орта мектептің орыс тілі пәні мұғалімі Аяжан Қойшығали ІІІ орынды иеленді. Ал, эстрадалық жанр бойынша Қарабау орта мектебінің технология пәні мұғалімі Ернұр Жеңісов І орынды иеленсе, «Жазира» балабақшасының тәрбиешілері Анар Таңатарова мен Жаннұр Шәріп ІІ орынға, Ш.Еркінов атындағы орта мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Құралай Құмарова ІІІ орынға ие болды.
Хореография жанры бойынша Сағыз орта мектебінің хореографы Сәнімгүл Басамбаева І орынға ие болса, Миялы балалар өнер мектебінің хореографы Гүлберген Мейрамқызы мен А.Өміров атындағы өнер мектебінің мұғалімі Рысбике Ізбасова ІІ, ІІІ орынды өзара бөлісті. Әр номинация бойынша жеңімпаз атанғандар облыстық байқауға жолдама алды.
Шараны қорытындылаған аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфайруз Әнжанова:
– Бүгінгі шара кәсіподақ ұйымының білім саласындағы қызметкерлерге деген қолдауы деп есептеймін. Шарада өнер көрсеткен барлық әріптесіме аудандық білім бөлімі атынан алғыс білдіремін. Сіздер шәкірттеріңізге білім беріп қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып келесіздер. Бұл сіздердің жан-жақты екендіктеріңізді көрсетеді. Бұл кәсіподақ ұйымының ұйымдастарып отырған алғашқы шарасы. Өткен жылы ер мұғалімдер арасында «Жігіт сұлтаны» өтті. Осылай шаралар жалғасын таба берсін,- деді.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ