Ауылдың өркендеуі – мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Өйткені ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек. Ал ауылды дамыту үшін ауыл шаруашылығын, әлеуметтік саланы және инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударған жөн.
Бұл бағытта ауданда жасалып жатқан жұмыстар жетерлік. Мәселен ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсету, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді шешу, ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алған ауыл кәсіпкерлері бірқатар жобаны қолға алып, жүзеге асыруда.
Сондай-ақ, жыл сайын ауылішілік жолдар салынып, өткен жылы аудан тұрғындары 100 пайыз көгілдір газбен қамтамасыз етілсе, қазіргі таңда «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырына қайта жаңғырту жұмысы мен «Тайсойған-Миялы» магистралды су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Ауылдағы басты тірек – білім мен медицина саласы. Балалардың сапалы білім алуы үшін ауыл мектептерін нығайтып, білікті мұғалімдерді тарту маңызды. Бұл ретте Сағыз ауылында «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде жаңа мектеп салу жоспарға енсе, биыл Жамансор елдімекенінен 80 орындық негізгі мектеп пен 30 орындық интернаттың, Қарабау ауылынан 120 орындық бастауыш мектептің құрылысы басталуы тиіс. Ауылдың дамуы – тек мемлекеттік бағдарламаларға ғана емес, жергілікті тұрғындардың өз белсенділігіне де байланысты. Ауыл – қазақтың рухани бесігі. Оны дамыту – бәріміздің ортақ міндетіміз.
Сайлаубек ТЕМІРҒАЛИЕВ,
аудандық мәслихаттың депутаты