Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Үшемге сыйлық табыс етті

Жақында аудан әкімі Арман Баженов, мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Алтынзер Баймұратова Көздіғара ауылдық округіне барып, Айдарбековтар отбасында мамыр айында дүниеге келген үшемнің ата-анасын құттықтады.

Түрлі-түсті шарлармен безендірілген әдемі бала қоларбасын жетектей үйге кірген аудан әкімі Арман Баженов:

– Бала өміріміздің жалғасы, көзіміздің нұры. Міне, Сіздердің отбасыларыңыз осындай қуанышқа бөленуде. Бөбектердің өмірлері шуақты, болашағы жарқын болғай. Біз қашанда Сіздерге тілекшіміз. Бүгін Сіздің шаңыраққа арнайы келіп, құттықтауды жөн көрдік, – деп игі тілегін арнап, үшемнің әрқайсысына жүз мың теңгелік сертификат табыс етті.

Сәбилердің есімдерін кіндік шешесі Санжар, Сардар, Дарын деп қойыпты.

– Құрсақтағы баланың үшем екенін алғашқы УЗИ-дан кейін білдім. Әрине, естігенде бойымды қорқыныш та, қуаныш та биледі. Алғашында: «Үшеуін бірдей қалай бағамын?» деген сауалдар жанымды толқытқаны рас. Бірақ, баланы байлығым дейтін қазақпыз ғой жолдасым бұл жаңалыққа қатты қуанды. Бұрын отбасымызда төрт ұл болса, енді жетеуге көбейдік. Қазір балалар үш айдан асты. Туылғанда салмақтарының біреуі екі келі 490 грамм, екіншісі – екі келі 685 грамм, үшіншісі – үш келі болды. Үшем өмірге ота арқылы келді. Бүгінде денсаулықтары жақсы. Аурухана жанынан медбибі бөлініп, қосымша сүт те беріліп отыр. Жолдасым жұмыста. Кішкентайларды бағуға көрші әжеміз, туысқандардың қыздары көмектеседі. Ал, бүгін шаңырағымызға келіп құттықтап жатқандарыңызға отбасымыздың атынан үлкен ризашылығымызды білдіреміз, – деді үшемнің анасы Ардақ Жұмағалиева.

Балалардың әкесі Уәли Айдарбеков вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Анасы болса үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысып отыр. Үшемнің ағаларының үлкені алтыншы сыныпта оқып жатса, кішісі төрт жаста.

Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT