Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда Қазақстан – жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет екендігін айтқан Мемлекет басшысы «Біз баршаға түсінікті, яғни ақылға қонымды және әділ саясатты жақтаймыз, осы ұстанымды әрдайым сақтаймыз. Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді.
Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек» деген болатын. Әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын кең байтақ жерімізге ие болу – тек мақтаныш емес, сол жердің аманатын арқалап, ұлт бірлігі мен мемлекеттің салмағын терең сезіну деген сөз. Сонымен қатар елді алаңдатқан өзекті мәселелерді ашық көтеріп, Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет екенін атап өткен Мемлекет басшысы «Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды» деп су ресурстарының тағдыры көрші мемлекеттермен жасалатын кәсіби әрі әділ келісімдерге тікелей байланысты екенін жеткізді. Бұл ретте Ұлттық құрылтай – жауапкершілік пен нақты шешімдер қабылдаған алаң болды.
Өмірзақ КАРИН,
Көздіғара ауылдық округінің әкімі



