Конституция күніне орай, «Арман» мәдениет үйінде салтанатты шара ұйымдастырылып, ауыл ақсақалдары мен жастар, құқық қорғау органы қызметкерлері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Онда алдымен аудан тұрғындарын мерекемен құттықтаған аудан әкімі Арман Баженов: – Егемендік пен дербес елдіктің құқықтық негізін бекіткен Ата заңымызға 23 жыл толып отыр.
Тәуелсіздік пен тұрақтылығымыздың, елдегі ынтымақ пен бірлігіміздің, татулық пен достығымыздың кепілі Ата заңымыздың арқасында айбынды мемлекетке айналдық. Демократиялық даму жолын берік ұстанған зайырлы мемлекетімізді жаһан жұртшылығы танып, мойындады. Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Ата Заң – біздің азаттық алғалы атқарған барлық істеріміздің алтын таразысы болып табылады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары. Ол еліміздің тұрақтануы мен өркендеуінің негізі мен кепілі.
Бүгінде дүниежүзі мойындаған өркенді өнегелеріміз Ата Заңымыздың аясында жүзеге асып келеді. Біз тәуелсіздік арқылы ғасырлық мәні бар орасан зор жетістіктерге қол жеткіздік. Әлем жұртшылығы алдында мерейіміз артып, абыройымыз асқақтады. Ата Заң арқылы асқар асуларды алған біз бүгінде жаңа кезеңге қадам бастық. Сондықтан біз баянды істеріміздің бастауы болған бас құжатымызды ардақтай берейік. Ата Заңды ардақ тұтқан өнегелі еліміз өркендей берсін, – деді.
Содан соң Елбасы Н:Ә.Назарбаевтың көп балалы аналарды Алтын алқа және Күміс алқамен наградтау туралы Жарлығына сәйкес, жеті және оданда көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Самаргүл Нұрмағанбетоваға Алтын алқа табыс етілсе, үй шаруасындағы ана Айсәуле Ишманова мен Орынгүл Отарова Күміс алқамен марапатталды. Ал, «Астанаға 20 жыл» медалімен білім саласының ардагері Меруерт Мұхамбетқали мен аудандық аумақтық инспекцияның басшысы Жолдас Ибрашев, облыстық мәслихат хатшысы З.Өмірзақтың Алғыс хатымен «Ақшелек», «Алтай» шаруа қожалықтарының төрағалары Серік Құлшықов пен Майлыбай Аққоянұлы мадақталды. Сонымен қатар, аудан дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ бөлім, мекеме қызметкерлері аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Ал, аудан басшысынан кейін құттықтау сөз сөйлеген аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали «Нұр-Шуақ» балабақшасының меңгерушісі Бағытжамал Жұмабаева, Тасшағыл орта мектебінің директоры Гүлшара Ізімова, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясы мен Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары Нұрлан Берденқұлов пен Айнагүл Жұмағалиеваларды Алғыс хатпен марапаттады. Салтанатты жиналыстың соңы мерекелік концертке ұласты.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ.