Бүгінде ауданда кәсіпкерлік саласын дамыту негізі қалыптасып, жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында тиісті шаралар атқарылып келеді. Оған бизнес жобаларды мақсатты түрде игеріп, өз алдына дербес кәсіп ашуды қолға алған азаматтар қатарының күн санап артуы дәлел. Жақында Миялы ауылынан балаларға арналған отбасылық «Балдырған» ойын-сауық орталығы ашылды.
Бұл балаларға арналған ойын орталығы ауданымыздың кәсіпкерлік саласына жаңа леп әкелді десек те болады. Жоғары сапалы жабдықтармен жасақталған ойын-сауық орталығы балаларымыздың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Ата-ана үшін баланың қуанышты жүзін көру үлкен бақыт. Бұл орталықта ойын алаңдарының түр-түрі қарастырылған және отбасымен тамақтануға да жағдай жасалған.
– «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы арқылы 1380000 теңге грант иегері атанып, аудан орталығынан балаларға арналған «Балдырған» ойын-сауық орталығын ашқан болатынмын. Бүгінде бастаған кәсібім оң нәтижесін беріп, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде кәсібімнің жемісін көрудемін, - дейді аталмыш ойын-сауық орталығының жетекшісі Нұржан Мақым.
Негізінде, кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық дамытудың кепілі. Аудандағы кәсіпкерліктің дамуы бүгінде сан қырынан көрініс тауып келе жатқандығы қуантарлық жағдай. Әрі қарай да жаңа жобалар жалғасын тауып, жұмыс орындары ашылып, жұмыссыз жандар жұмыспен қамтылатын болса, кәсіпкерлік саласының дамуы арқылы елдің жағдайы да жақсара түспек.
Кәмшат ӘБІШ